Қарағанды облысында соңғы 2 жылда тұрмыстық зорлық-зомбылықтан 16 адам ажал құшқан
Елде жыл басынан бері жапа шеккен 100 мың әйелдің 60%-ы шағым жазудан бас тартқан
Қарағанды облысында соңғы екі жылда тұрмыстық зорлық-зомбылықтан 16 адам ажал құшқан. Соңғы 9 айда 66 қылмыстық іс қозғалған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Хабар 24 арнасына сілтеме жасап.
Күні кеше бұл мәселе үкімет отырысында да қаралды. Елена дағдарыс орталығына бірінші рет келіп отыр. Тұрмыстың қиындығы бөлек, күйеуінің күнделікті төмпештеуіне де төзіпті.
«Күйеуім арақты көп ішетін болып кетті. Мені де ұратын. Осындай орталықтар бар екенін білсем де, жүгінуге қорқатынмын. Неге қорыққанымды да білмеймін. Төзіп жүре бердім. Бір күні баламды да өзіме қосақтап қойып тепкіледі. Тек сол кезде оның өзгермейтінін білдім де кетіп қалдым», - дейді қала тұрғыны Елена.
Қарағанды облысында 9 дағдарыс орталығы бар. Жыл басынан бері жүзден астам әйел пана іздеп келген. Олар жарты жыл тұрып, кейін өзі тіплігін түзеп алуы керек. Жұмысқа тұрам десе, қолдау болады. Алайда көбі қорлық көрген үйіне қайта барады. Мұны заңгерлер амалдың жоқтығы, заң жобасының осалдығымен түсіндіреді.
«2017 жылы Қылмыстық процессуалдық кодексте ұрып-соғу және жеңіл жарақат салу сияқты баптар болған. Олар қазір Әкімшілік кодекске ауысып кетті. Енді бұрынғыдай жаппайды, қазір құр тәулікпен ғана шектеледі», - дейді Дағдарыс орталығының заңгері Әсет Қарбызов,
Отбасылық зорлық-зомбылықты ауыр қылмыс санатына жатқызу мәселесі қоғамда көптен бері талқыланып жүр. Алайда құқық қорғау органдары бұл ұсынысты құп көрмейді. Себебі елде жыл басынан бері жапа шеккен 100 мың әйелдің 60%-ы шағым жазудан бас тартқан. Яғни шағымданушы жоқ болса, қылмыс жоқ. Сәйкесінше полиция шара қолдана алмайды. Десе де полицейлер отбасында ойран салатындардың портретін жақсы біледі.
«Көбінесе негізі әлеуметтік мәселеге тіреледі, адамдар бір-бірін сыйламайды, тәрбиенің төмендігі. Ішімдікке бой салу, қала берді жауапсыздық, ең соңғысы тұратын, баратын жері жоқ тұрмыстың нашарлығы деп қарауға болады. Себебі жағдайы дұрыс болса кетіп қалып, өз өмірін сүре алады ғой», - дейді ЖПҚ Әйелдерді зорлық зомбылықтан қорғау бөлімінің аға инспекторы Гүлбану Сәтпаева-Алпысбаева.
Қала тұрғындарының пікірі де бұл тарапта әр түрлі. Десе де отбасындағы агрессияның көбі арақтан екенін ешкім жасырмайды. Қазір облыстың барлық қала мен аудандық полиция бөлімдерінде әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бойынша инспекторлар штаты ашылған. Олар зәбір көргендердің шағымын алып, заңдық және психологиялық тұрғыда көмек көрсетеді. Ал полицейлер болса отбасы тыныштығын жақсарту үшін ақсақалдар кеңесі жұмысын жандандыру керек деп отыр. Себебі осы тәжірибені енгізген облыстың Шет, Қарқаралы, Нұра аудандарында статистика едәуір жақсарған.