Бес күн ішінде құқығы бұзылған тұтынушыларға 24 млн теңге қайтарылды
Қайтарылған ең көп сома – 14 млн теңге
Бес күн ішінде құқығы бұзылған тұтынушылар тарапынан 582 өтініш түсіп, оларға 24 млн теңге қайтарылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Сауда және интеграция министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне сілтеме жасап.
Комитеттің мәліметінше, қайтарылған ең көп сома – 14 млн теңге.
«Астана қаласының тұрғыны ЖШС-нің бірінен сынған автокөлікті сатып алған. Тұтынушы автосалонға өз бетінше жүгінген кезде олар оған көмектесе алмайтынын мәлімдеген. Кейін сатып алушы елордалық департаментке жүгініп, нәтижесінде тұтынушыға ақшасы қайтарылды», - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, департамент сақтандыру компаниясына қатысты туындаған тағы бір тұтынушылық дауды шешті. Жол-көлік оқиғасы болып, тұтынушының сақтандырылған көлігіне зақым келген. Сақтандыру компаниясы зиянды қалпына келтіру үшін соманы төлеуден бас тартады. Департаменттің сұрауынан кейін тұтынушыға 827 мың теңге өтелді.
Бұдан бөлек, Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті департаментінің көмегімен Түркістан облысының тұрғынына сапасыз пластикалық терезелер үшін 1 млн теңгеге жуық қаражат қайтарылды.
«Көбіне тұтынушылар сапасыз тауарды айырбастаудан бас тартады. Мәселен, Ақтөбе облысында сатушы ақаулы ұялы телефон үшін ақшаны тұтынушыға қайтармайды. Жергілікті департаментке шағымнан кейін, тұтынушыға құны 400 мың теңге болатын телефон айырбасталды», - деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметінен.
Мұнымен қоса, еліміздің 8 облысында сапасыз тауарларды сатып, оны айырбастаудан бас тартқан сатушылар тұтынушыларға жалпы сомасы 1,3 млн теңге болатын қаражатты қайтарған.