$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Мәжілістегі «АМАNАТ» фракциясы 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын талқылады

Республикалық бюджетке мұнайдан түсетін түсімдердің үлесі бірте-бірте азайып келеді

Мәжілістегі «АМАNАТ» фракциясы 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын талқылады
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі / С. Майлыбаев

Мәжілісте вице-спикер Павел Казанцевтің төрағалығымен «АМАNАТ» партиясы фракциясының кеңейтілген отырысы өтті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Отырыс барысында депутаттар Үкімет мүшелерімен бірге «2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын талқылады. Оның ішінде осы жылдардағы Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт, республикалық және облыстық бюджеттер арасындағы жалпы трансферттердің көлемі туралы, республикалық маңызы бар қалалар мен астана бюджеттері бар.

Қаралып жатқан мәселенің маңыздылығына тоқталған Павел Казанцев ел бюджеті еліміздің басты қаржылық құжаты ғана емес, бұл адамдардың, өндірістің, ғылым мен білімнің, денсаулық сақтаудың тағдыры екенін атап өтті.

«Сондықтан бұл мәселеге барынша байыппен қарауымыз керек. Алдағы сәрсенбіде біз республикалық бюджет жобасын Мәжілістің жалпы отырысының қарауына шығаруды жоспарлап отырмыз. Бұл ретте ел бюджетінің мемлекет басшылығы алдымызға қойып отырған міндеттерді толық шешуі маңызды. Бұл Сайлау тұғырнамасында да, Мемлекет басшысының Жолдауында да айтылды», – деді П.Казанцев.

Үш жылдық бюджет жобасы бойынша баяндама жасаған Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев 2023 жылғы түсімдер 17,8 трлн теңгені құрайтынын айтты. Бұл биылға жоспарланған көрсеткіштен 2 трлн теңгеге көп. Ал республикалық бюджетке мұнайдан түсетін түсімдердің үлесі бірте-бірте азаяды.

«2023 жылы шығыстар биылдың жоспарына қарағанда 2,2 трлн теңгеге ұлғайып, 21 трлн теңгеге немесе жалпы ішкі өнімге 17,4%-ке жоспарланып отыр», – деді вице-министр.

Бұл ретте үш жылдық кезеңдегі шығындар құрылымы өзгерді. Бұл барлық нысаналы ағымдағы трансферттерді жергілікті бюджеттердің базасына аударумен байланысты. Бұл ретте бұрынғыдай шығыстардың негізгі үлесі әлеуметтік салаға тиесілі. Оған осы жылдың жоспарына 2 трлн теңгеге ұлғая отырып, 2023 жылы 10,6 трлн теңге көзделген.

Жыл сайынғы индексациялаумен және зейнетақы мен жәрдемақы алушылар контингентінің ұлғаюына және педагогтердің, дәрігерлердің, медициналық емес қызметкерлердің және азаматтық қызметшілердің жалақысын арттыруға, сондай-ақ «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асыруға байланысты.

2023 жылға экономиканың нақты секторын қолдауға арналған бюджет шығыстары 2,5 трлн теңге сомасында жоспарланған. Олар өңдеу өнеркәсібін дамытуға, өңірлерде жалғасатын инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға, кәсіпкерлікті, шағын және орта бизнесті дамыту және қолдау, көлік және газ тасымалдау жүйесін дамытуға бағытталған.

Ерұлан Жамаубаев атап өткендей, «AMANAT» фракциясымен өңірлердің қажеттіліктері егжей-тегжейлі талқыланып, үлкен жұмыс жүргізілген.

Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Амрин жалпы сипаттағы трансферттер көлемі туралы және Ұлттық қордан 2023-2025 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы заң жобалары жөнінде баяндама жасады.

Баяндамашы заң жобаларының негізгі бағыттары «Дамыған өңірлер – қуатты экономика» даму курсын қамтамасыз ету бойынша «АМАNАТ» партиясы тұғырнамасының ережелерімен сәйкес келетінін атап өтті.

Жұмыс тобының жетекшісі, Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Анатолий Бойчин отырыс қатысушыларын бюджеттік заң жобаларын қарау нәтижелерінен хабардар етті.

Депутаттың айтуынша, жұмыс тобы мемлекеттік органдардан 300-ден астам қосымша ақпарат жинап, 270-ке жуық түзетулер енгізген. Депутаттардың түзетулері бюджеттің шығыс бөлігін көбейтуге де, азайтуға да қатысты. Олардың әрқайсысы сарапталып, жүйеленіп, уәкілетті органдармен және Қаржы министрлігімен мұқият пысықталды. Депутат қазіргі уақытта Мемлекет басшысының тапсырмаларының басым бөлігі келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап аталған шараларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін қаржылық қамтамасыз етуді ескере отырып пысықталғанын атап өтті.

Отырыста фракция мүшелері де сөз сөйлеп, Үкіметке өз ескертулері мен ұсыныстарын білдірді. Мәжілісмендер әлеуметтік саланың басым бағыттарына тоқталып, қаралып жатқан заң жобаларында шешімін күткен бірқатар өзекті мәселелерге назар аударды.

Талқылауды қорытындылай келе, Мәжілістің вице-спикері Павел Казанцев жалпы депутаттардың ұсыныстары бойынша су және газбен жабдықтау, инфрақұрылым, денсаулық сақтау, автомобиль жолдарын дамыту, инженерлік-коммуникация саласындағы өңірлік жобаларды жүзеге асыруға жалпы сомасы 51,6 млрд теңгенің шығыстары қолдау тауып отырғанын атап өтті. Оның ішінде «АМАNАТ» фракциясы депутаттарының ұсынысы бойынша осы мақсаттарға қосымша 20 млрд теңге бөлінген.

«Бұл сұрақтардың барлығы біздің сайлаушыларымыздың ұмтылыстары мен мандаттарына тікелей жауап болады», – деді П.Казанцев.

Жиын қорытындысы бойынша «АМАNАТ» партиясы фракциясының мүшелері ұсынылған бюджеттік заң жобаларын мақұлдап, Мәжілістің жалпы отырысында қарау барысында қолдау көрсету туралы шешім қабылдады.

 

Серіктес жаңалықтары