Депутаттар темекі сату шарттарын қатаңдатуды ұсынды
Мәжіліс депутаты дүкендерде темекі өнімдерін кассалардың жанына қоюға тыйым салуды ұсынды
Депутат Тұрғын Сыздықовтың айтуынша, дүкендерде темекі өнімдері баланың көзіне бірден түседі, сонымен қатар сыртқы дизайны да тартымдылығымен ерекшеленеді.
«Темекі индустриясының өнімдерін тарату халықтың да, мемлекеттің де мүддесіне жауап бермейді. Сонымен қатар біз мойындаған халықаралық нормативтік-құқықтық актілерге де қарсы», - деді депутат.
Оның айтуынша, кәсіпкерлік қызметті реттеу бойынша Үкіметтің ведомствоаралық комиссиясы Денсаулық сақтау министрлігінің ғылыми аргументтерін негізге алмаған.
«Темекі эпидемиясын тежеу бойынша маңызды нормалар қолдау тапты. Оның ішінде жылытылатын және электронды жүйелер, яғни, вейптер де жай темекілерге теңестірілді», - деді депутат.
Тұрғын Сыздықов Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының темекіге қарсы күрес конвенциясын атап өтіп, конвенцияда темекі өндірісі мен мемлекеттің қоғамдық денсаулық сақтау саясаты мүддесінің арасында қарама-қайшылық болмау керектігі айтылғанын жеткізді.
«Супермаркеттер, сауда орындары, қоғамдық орындардағы саудагерлер темекі өнімдерін кассаның жанына қояды. Бұл баланың көзіне бірден түседі. Тәуелсіз зерттеулер көрсеткендей, Қазақстанда мектеп аумағында темекін өнімдерін сатуға шектеудің болмауы оқушылар арасындағы жарнаманы (насихат – ред.) арттырып отыр. Әлемнің көптеген елдеріндегі тәжірибе бойынша, сауда орындарында темекі өнімдерін сатуға тыйым салу оның тұтыну көрсеткішін 23,5 пайызға азайтатынын көрсетті», - деді депутат.
Оның айтуынша, мұндай тыйым бес жылдың ішінде 750 млн теңгеге дейін пайда әкеледі.