Илья Ильин Ташкенттегі халықаралық турнирде топ жарды
Ол жұлқа көтеруде 160 келіні, серпе көтеруде 195 келіні бағындырды
Қазақстандық зілтерімші Илья Ильин Ташкентте өтіп жатқан халықаралық бірлік чемпионатында жеңіске жетті. Бұл туралы Қазақстан ҰОК хабарлады.
Илья Ильин 102 келіге дейінгі салмақта сынға түсіп, қоссайыс нәтижесі бойынша 355 келіні (160+195) бағындырған. Екінші орынды катарлық Фарес Ельбах (353 келі), үшінші орынды Өзбекстан өкілі Омарбек Шохназаров иеленді (341 келі). Айта кетелік, осыған дейін Қазақстан командасының мүшесі Игорь Сон (61 келі) алтын жүлдегер атанған болатын.
Ташкенттегі жарыс Токио олимпиадасы қарсаңында өтіп жатыр және бұл турнирде 47 елдің спортшылары бақ сынайды.
Естеріңізге сала кетейік, 18-25 сәуір күндері Нұр-Сұлтандағы жекпе-жек сарайында ауыр атлетикадан Токио олимпиадасына лицензия беретін Азия чемпионаты өтеді.