Алматыда элиталы тұрғын үй иелері бюджетке 30 млн теңге қарыз
Келесі аптадан бастап олардан мәжбүрлі түрде салық жинайды
Медеу ауданындағы элиталы тұрғын үй кешеніндегі пәтер иелері 31 млн теңгенің салығын төлемеген, деп хабарлайды inAlmaty.kz.
Мәселен, «Еурополис» тұрғын үй кешеніндегі 39 пәтер иесі бюджетке 3,2 млн теңге қарыз. Ал «Koktobe city» тұрғын үй кешеніндегі 38 пәтер иесінің қарызы 2,9 млн теңге, «ILe De France» ТК-дағы 23 пәтер иелерінің қарызы 2,5 млн теңгені құрайды.
Медеу аудандық мемлекеттік кіріс басқармасының баспасөз қызметі хабарлағандай, салық төлемегендердің барлығына ескерту жасалған.
«Барлық борышкерлерге қарызын төлеу туралы ескерту жіберілді. Дегенмен, салық әлі төленбеді. Сол себепті келесі аптада борышкерлердің ісі сот орындаушыларына жіберіледі. Олар салықты мәжбүрлі түрде жинайтын болады», - деді ведомство өкілдері.
Олардың хабарлауынша, борышкерлердің бәріне шетелге шығуға тыйым салынып, мүлкі мен банк есепшоттары бұғатталады.
«Борышкерлер салық төлеп болғаннан кейін қарыз мөлшерінің 25 пайызын сот орындаушысына төлеуі тиіс. Сонымен қатар төлем кешіктірілген уақыттың әр күніне өсімпұл есептеледі», - деді ведомство өкілдері.
Хабарландыру сайттарына «Koktobecity» ТК-дағы бір бөлмелі пәтер құны 30 млн теңге, үш бөлмелі пәтер бағасы 50 млн теңге екені айтылған.