$ 510.78  576.06  6.35
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«80 сотық жерді 300 мың теңгеге сатып алдым» - петропавлдық кәсіпкер қайыңдарды отауға қалалық әкімдік рұқсат бергенін айтты

«80 сотық жерді 300 мың теңгеге сатып алдым» - петропавлдық кәсіпкер қайыңдарды отауға қалалық әкімдік рұқсат бергенін айтты

Петропавлдың «Лесхоз» ауданында ақ қайыңдарды отау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. 80 сотық жер учаскесі 2006 жылы орман қорынан шығарылып, 2007 жылы сатылып кеткен. Қалалық әкімдік кәсіпкер Бахтияр Абуллаевпен сатып алу-сату келісім шартын жасасқан, деп хабарлайды  Azattyq Ruhy тілшісі.

2007 жылы шаһарды Владимир Никандров басқарған болатын. Петропавл іргесіндегі 270 гектар қайыңды алқап орман қорынан шығарылып, тұрғын үйлер салынды. Қазір «Лесхоз» қаладағы элиталы аудандардың бірі саналады. Кәсіпкер Абдуллаев сатып алған 80 сотық жер де сол ауданда, күре жолдың бойында орналасқан. Бизнес нысанын ашу үшін таптырмайтын орын екені анық. Кәсіпкер жоспарын жүзеге асыру үшін жарық желісі мен су құбырын да тартып қойғанын айтты.

 «10 қыркүйек күні Петропавл қаласының әкімі Руслан Аңбаевпен кездестім. Барлық бөлім басшылары да сол жерде болды. Мен оларға жол жиегінде бизнес нысанының салынатынын баяндадым. Бірнеше миллиард теңге құю жоспарланған. 250 адам жұмыспен қамтылады. Бұл жекеменшіктегі жер, сондықтан оны қалай пайдалансам өз еркім. Жылжымайтын мүлікті ағам 2007 жылы қалалық әкімдіктен сатып алған еді. Бағасын білмеймін. Ал 2011 жылы маған 300 мың теңгеге сатты. Бұл жерде құрылыс салуға қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің, облыс әкімінің орынбасары Марат Тасмағамбетовтың рұқсаты бар. Қала әкімінің орынбасары Батырбековке менің меншігімдегі жерде өсіп тұрған ағаштарды кесуін сұрап хат жаздым. Пошта арқылы жауап келді. Бұл жердегі ағаштарды кесуге тыйым жоқ», - дейді Фамил Абдуллаев.

 

ҚОС ТАРАП ЖЕРДІҢ ҚАНШАҒА САТЫЛҒАНЫН ЖАСЫРЫП ОТЫР

Сатушы қалалық әкімдік те, сатып алушы тарап Абдуллаев та жердің қаншаға саудаланғанын жасырып отыр. Жылжымайтын мүліктің иесі 80 сотық жердің қайыңын отап, автосервис орталығын салмақ ниетте екенін жеткізді. Тек қала тұрғындарының наразылығы кәсіпкердің жоспарын бұзды. Көпшілік әлеуметтік желілерде шу шығарғаннан кейін құзырлы ограндар да қозғалып, ағаштарды кесуді тоқтатты. Тек тым кеш қалғандай. 2-3 күн бұрын жайқалып өскен орманнан санаулы ғана ағаш қалған.

«Мен 10 жылдан бері осы ауданда тұрып жатырмын. Балаларым осында дүниеге келді. Кеше ғана оталған орманда балалық шақтарын өткізді. Өзіміз ағаш та еккенбіз. Бірақ келер күні экскаватор бәрін жаншып кетті. Соттасып, нәтиже шықпады. Кәсіпкер кеше басқаша сөйлеген. Бұл жерде қонақ үй салатынын айтты. Бүгін басқа ақпарат беріп отыр. Осыдан басқа үйімізге апарар жол жоқ. Түнде өзіміз де, балалар да осы жерден өтеміз. Сондықтан бұл жерге не салынса да қарсымыз. Кәсіпкер полиция мен соттың шешімін күтпей қайтадан ағаштарды кесуге кірісті. Демек ол Қазақстанның заңдарын сыйлып тұрған жоқ», - дейді Ильмира Қажымұратова.

Лесхоз ауданының тұрғындары сотқа шағымданбақ ниетте. Солардың бірі Андрей Быченко. 4 жыл бұрын үй сатып алып, аталған ауданға көшіп келген.

«Орманның жартысын отап тастады. Біз полиция шақырдық. Ағаш кесу тоқтатылды да, кейін қайта жалғасты. Мына картина адамның жанын ауыртады. Жылдар бойы қаулап өскен ағаш әп-сәтте жоқ болды. Орман қорынан қонай үй салу мақсатыда жер бөлу ақылға сыйымсыз нәрсе. Қазір кінәліні таппайсың. Жердің 16 жыл бұрын сатылғанын енді біліп жатырмыз. Оны әкімдік қайтара алмасы анық. Салдарынан барлық тұрғындар, жасыл желек жапа шегіп жатыр. Шенеуніктердің осындай әрекетінен кәсіпкерге де зиян келіп отырғанын айтар едім. Қазір не істерімізді білмеймін. Қалалық әкімдікке ұжымдық хат жолдадық. Заңгерлер кеңесі керек. Егер жеңіп алу мүмкіндігі болса, сотқа арызданамыз. Егер ондай мүмкіндік болмаса, құзырлы орынға шағым тастаудың қажеті жоқ деп ойлаймын», - дейді Андрей.

АҒАШ КЕСУ ФАКТІСІ БОЙЫНША ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС ҚОЗҒАЛДЫ

Қаланың бас жоспарына сәйкес аталған аумақта жасыл желек орналасуы тиіс. Ағаш кесу фактісі бойынша облыстық әкімдік қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Ал жерді қалалық әкімдік меншігіне қайтару мәселесі қозғалғанымен, нәтижесіз аяқталған.

«2006 жылы жер учаскесі орман қорынан шығарылған. 2007 жылы қонақ үй, тұрақ салу үшін кәсіпкер Б.Абдуллаев пен қала әкімдігі арасында сатып алу-сату келісімшарты жасалды. 2020 жылы қала әкімдігі ауданаралық сотқа жер учаскесінің берілуінің күшін жою туралы арыз жіберді. 2021 жылы апелляциялық сот кәсіпкер Ф.Абдуллаевтың талаптарын дұрыс деп тауып, жер учаскесі бойынша құқықтарын сақтады. Кәсіпкерге учаскеде жобалау мен құрылыс жүргізуге рұқсат берілмеген. Петропавл полициясы ағаш кесу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады, тергеу жүргізілуде.  Былтыр осындай факт Қызылжар ауданында тіркелді. Кәсіпкер рұқсатсыз ағаштарды кесіп тастады. Бұл жағдайдан кейін Қызылжар ауданының әкімдігі жер учаскесін мемлекет меншігіне қайтарды.  Қазір ақшалай өтемақы бойынша сот жалғасуда», - делінген облыс әкімдігінің баспасөз қызметі жолдаға жауапта.

Серіктес жаңалықтары