Қызылордадағы медицина мекемелерінен 20 құқық бұзушылық дерегі анықталды
Оның ішінде 6-ауы қылмыстық, 14-і әкімшілік құқық бұзушылық

Қызылорда облысында медициналық мекемелерден 20 құқық бұзушылық дерегі анықталды. Бұл деректер «Дәрмек» жедел-профилактикалық іс-шарасы нәтижесінде белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.
Аталған шара есірткіге байланысты құқық бұзушылықтарды анықтауға бағытталды. Бұл орайда, Қызылорда облыстық Полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері нақты іс-шараларды жүзеге асырды. Онда 38 дәріхана және денсаулық сақтау саласындағы 37 мекеме тексерілді.
«Аталған іс-шара барысында 20 құқық бұзушылық дерегі анықталған. Оның ішінде 6-ауы қылмыстық, 14-і әкімшілік құқық бұзушылық. Атап айтқанда, олардың 1-еуі есірткі, 3-еуі психотроптық немесе улы заттармен жұмыс істеу қағидасын бұзу, 3-еуі есірткіні аса ірі мөлшерде сақтау құрайды. Сондай-ақ, есірткі өткізу, фармацевтикалық қызмет қағидасын бұзу, есірткі айналымы саласындағы объектілердің техникалық нығайту талаптарын бұзу, лицензия талабын бұзу, заңсыз фармацевтикалық қызмет деректері анықталды», - делінген хабарламада.