Қазақстанда республикалық деңгейде марафон-бәйге өтеді

Сағыныш Ибрагим

«Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесіне еліміздің әр өңірінен 100 шабандоз қатысады

Қазақстанда республикалық деңгейде марафон-бәйге өтеді
Көрнекі фото: ашық дереккөзден

Елордалық «Қазанат» ипподромында «Ұлы дала жорығы» республикалық марафон-бәйгесінің басталуына арналған баспасөз мәслихаты өтті, деп хабарлайды Azattyq Ryhy тілшісі.

Баспасөз мәслихатына Дене шынықтыру және спорт комитетінің төрағасы Самат Ерғалиев, Ұлттық спорт қауымдастығының атқарушы директоры Болат Маханалин, «Ұлы дала жорығы» жобасының авторы Бақытжан Тұрлыбеков, марафонның бас төрешісі Надежда Купцова және бас ветеринары Ольга Гробер қатысты.

Дене шынықтыру және спорт комитетінің төрағасы Самат Ерғалиев аталған бәйгені күнтізбеге жыл сайын өткізетін іс-шара ретінде кіргізу әбден мүмкін екенін айтты. Сондай-ақ ол қатысушыларға арналған жүлде қоры туралы кеңінен баяндап берді.

«Қыркүйектің 17 мен 29 аралығында «Ұлы дала жорығы» атты бәйге марафонын өткізу жоспарда тұр. 29 тамыз күні Қазақстан Республикасы Мәдениет және Спорт министрі Даурен Абаев аталған бәйгенің өтетіні жайында бейнеүндеу жасады. «Ұлы дала жорығы» еліміздің 6 аймағын: Нұр-Сұлтан қаласы, Ақмола, Қарағанды, Ұлытау, Қызылорда және Түркістан облыстарын қамтитын тұңғыш жалпыреспубликалық ат марафоны. Әлемдік тәжірибеде теңдесі жоқ марафон ұлы даланы мекендеген көшпенді халықтың шабандоздық мәдениетін еліміздің бренді ретінде қалыптастыруға негіз болады.

Шабандоздарды марапаттауға келер болсақ, жалпы жүлде қоры 65 млн теңгені құрайды. Бірінші орын алған топ «Ұлы дала сарбаздары» деген атаққа ие болады және 30 млн теңге алады. Екінші орынға – 20 млн, үшінші орынға 15 млн қойылды. Айта кетейін бәйгеге тігілген барлық қаражат демеушілерден алынды. Аталған іс-шара біздің жылдық күнтізбемізде болмағандықтан бюджеттен қаражат қарастырылған жоқ. Жобаның бас серіктесі - «Самрұқ-Қазына» АҚ және «Sport qory» спортты қолдау қоры», - дейді Самат Ерғалиев.

«Ұлы дала жорығы» деп аталатын жобаның авторы Бақытжан Тұрлыбеков шараның негізгі мақсаты мен артықшылығы туралы баяндап берді.

«Қазір өткелі отырған бәйгені өзіміз 2019 жылы 20 сәуірде Жангелді ауданының орталығы Торғай жерінен Созаққа 962 шақырым жерге үш жігіт болып жүріп өттік. Жорықтан кейін марафонға дайындалып, министрліктен қолдау алып, қазір бәйгені өткізгелі отырмыз. Әр дамыған мемлекеттер өздерінің төл мәдениетін ұлттық бренд ретінде қалыптастыра білді. Мысалы, Еуропада «викингтер», Англияда «рыцарь» мәдениеті, Грекияда «спартандықтар» деген секілді өздерінің брендтері бар. Сол сияқты Қазақстан көшпенділер мәдениетімен астасып жатқаннан кейін біз «Салт аттылар» мәдениетін қалыптастырсақ дұрыс болады деп ойлаймыз.

18 қыркүйек күні жеребе тастау арқылы шабандоздар бәйгені бастайды. Олар 1200 шақырымды 12 күнде жүріп өтетін болады. Әр топ 5 адамнан тұрады. Күніне 100 шақырым өтуі керек. Бір күндік нәтиже күнде кешке арнайы тақтайшада жарияланып тұрады, яғни командалардың өзі, журналистер мен жұртшылық марафонның күнделікті нәтижесінен хабардар болып отырады. Шабандоздар түске дейін 50 шақырым жүруі керек. Түсте екі сағат демалуға болады. Түскі ас уақытында жылқылардың жағдайын, жүрек соғысын арнайы ветеринарлық дәрігер тексереді. Аттардың денсаулығында ешқандай қиындық болмаса олар бәйгені одан әрі жалғастырады. Түскі асқа бірінші келген комада екі сағаттан кейін бірінші шығып кетеді. Кешке 50 шақырымға 5 сағат беріп отырмыз. Осылайша, мысалы бір топ, басқа топтан күніне 10 минут уақыт бойынша алға шығып отырса, 12 күнде 120 минут алға шығады. Сондықтан, мәреге яғни кім бірінші барды емес, уақыт өлшемі бойынша 12 күнде 1200 шақырымды қай топ қысқа мерзімде жүріп өткеніне қарайтын боламыз. Айта кететін жайт бәйге барысында әр топтан мінген атына немесе өз денсаулығына байланысты бір-екі адам шығып қалуы мүмкін. Топтың құрамында 3 адам ғана қалып мәреге бірінші жетер болса, жеңімпаз болып саналады. Егер 3 адамнан аз қалған жағдайда топ біржола есептен шығады», - дейді Бақытжан Тұрлыбеков.

Шараға қатысқан бас ветеринар Ольга Гробер марафонда басты назар жылқыларда болатынын айтты. Ол бәйгеге қатысқан аттарды шаршатпай уақытымен демалдырып тұру және олардың денсаулығын бақылауда ұстау негізгі міндет болу керектігін жеткізді.

Топтарға қойылатын басты талап, шабандоздардың денсаулық қағазы мен жылқының ветеринарлық анықтамасы болу керек. Шабандоздардың жас аралығы - 18-45 жас.

Айта кетейік 17 қыркүйек күні елордалық «Қазанат» ипподромында марафонның ашылу салтанаты мен қатысушы командаларды таныстыру рәсімі өтеді. Іс-шараға Парламент Мәжілісінің төрағасы Е.Қошанов, Мәдениет және спорт министрі Д.Абаев, Парламент депутаттары мен еліміздің белгілі қоғам қайраткерлері қатысады. Ал 18 қыркүйек күні сағат 7.00-де еліміздің әрбір өңірінен келген 20 команданың намысын қорғайтын 100 шабандоз елорда маңындағы Қаражар ауылынан қашықтығы 1200 км болатын марафон-бәйгеге аттанады.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.