Қаржы тапшығына байланысты бірнеше өңірде су тасқыны қаупі артты – ІІМ
2019 жылы қаржы мәселесіне байланысты республика бойынша жоспарланған 36 іс-шара атқарылмай қалды
Қазақстанның бірқатар өңірінде қаржы тапшылығына байланысты су тасқыны қаупі артты. Тіпті, қаржы мәселесіне байланысты бірқатар өңірдегі алдын алу шаралары атқарылмай қалған. Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин айтты, деп хабарлайды ҚазТАГ.
«2019 жылы бізде 36 іс-шара атқарылмады. Ақтөбе облысында – 5, Шығыс Қазақстанда – 8, Жамбыл облысында – 4, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облысында – 2, Павлодар және Қостанай облысында – 1, Түркістан облысында 11 іс-шара жүзеге асырылмады. Қаржы мәсеслесі елді мекендердегі су тасқыны қаупін арттырды», - деді Юрий Ильин.
Оның айтуынша, аталған жұмыстардың орындалмауына қаржы мәселесі, жобалық-сметалық құжаттардың дұрыс жасалмауы, жол картасының кеш орындалуы секілді факторлар әсер еткен. Алайда, вице-министр 2020 жылы жергілікті әкімдіктер белсенді қимылдап, қауіпті азайтуға күш салады деген үмітін жеткізді.
Вице-министрдің айтуынша, «2017-2020 жылдарға арналған су тасқыны қауіп-қатерінің алдын алу және оларды жою бойынша шаралар кешені» атты жол картасы аясында 412 іс-шара жүзеге асырылған. Оған республикалық бюджеттен13 млрд теңге, жергілікті бюджеттен 17 млрд теңге бөлінген.