Түркістанда студенттер жатақханаға орналаса алмай жүр
Бұл мәселеге қатысты университет әкімшілігі ресми түсініктеме берді

Түркістанда студенттер жатақханаға орналаса алмай жүр. Студенттердің мәселесі әлеуметтік желіде көтерілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи университетінің студенттері жатақханаға орналаса алмай сандалып жүр». Бұл мәселе әлеуметтік желіде жарияланды. Студенттердің қажетті құжаттарды электронды түрде жинап, ақшасын төлеп қойғаны, бірақ әлі де жатақханаға орналаса алмағаны айтылған. Сабақтың басталғанына аптаға жуық уақыт өтсе де, мәселе шешілмей жатқанындығын жеткізген.
Бұл мәселеге қатысты университет әкімшілігі ресми түсініктеме берді.
«Студенттердің жатақханаға жазған өтініші тамыз айында электронды түрде қабылданып, сосын арнайы комиссияның қарауына жіберілді. Ал, жатақханаға орналастыру 5 қыркүйекте басталып, әлі күнге жалғасып жатыр. Ең алдымен, грант, квота және алыс аймақтардан ақылы түрде 1-курсқа түскен студенттер жатақханамен қамтамасыз етілді. Одан кейін қалған курстың студенттеріне жолдама берілді. Бітіруші курсқа орын берілмейтіні алдын ала хабарланды. Соған қарамастан, алғашқы күні жолдама ала алмаған, жүктерімен алыс аймақтардан келген студенттердің бәрі жатақханаға уақытша орналастырылды», - делінген хабарламада.
Ал, кейбір студенттерге жолдаманың уақытында берілмеуінің басты себебі – олардың жатақханаға қажетті құжаттарының дұрыс болмауы және тәртіп бұзғандар тізіміне енуі. Атап айтқанда, өткен оқу жылында жатақхана ақысын төлемеген, тәртіп бұзған студенттер арнайы тізімге енгізіліп, олардың өтініші кейінге қалдырылған. Сондай-ақ, медициналық құжаты дайын емес студенттер де жолдаманы ала алмады.
«Қазіргі таңда үш қаладағы филиалдарды қоса есептегенде, университет балансында 7 жатақхана бар. Биылғы жылы жатақханаға 5 067 студенттен сұраныс түскен. Ал, жатақханадағы жалпы орын саны – 3 542. Бұған қосымша жекеменшік 2 жатақхана жалға алынып, тағы 430 орын бөлініп отыр. Сондай-ақ, жаңа жатақхана салу бойынша келісім жүріп жатыр. Бүгінде республикада жатақхана мәселесі өзекті екені бәріне мәлім. Университетімізде жатақханаға тапшылық бар екенін жасырмаймыз. Қазіргі таңда Президент және министрлік тапсырмасына сай, мәселені шешу жолдары жан-жақты қарастырылып жатыр», - делінген ресми жауапта.