БҚО-да жол құрылысымен айналысатын компаниялар дизель тапшылығына байланысты жұмысты тоқтатуға мәжбүр
Жанармай тапшылығы коммуналдық мекемелер мен жолаушы тасымалдаушы кәсіпорындарға да оңай тимеді

Батыс Қазақстан облысындағы жол құрылысымен айналысатын компаниялар жұмысты тоқтатуға мәжбүр. Дизель отынының тапшылығына байланысты облыстық қана емес, республикалық маңызға ие жолдардың да құрылысы тұралады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Хабар 24 арнасына сілтеме жасап.
Қазір аймақтағы жанармай құю бекеттерінде бір аптаға жететін дизель отыны қалған. Тағы бір мәселе битум тапшылығына қатысты туындап отыр. Батыс Қазақстан облысында биыл жыл соңына дейін 350 шақырым жол жөнделуі тиіс еді. Бірақ қыркүйектің ортасы болды, жұмыстың жартысы да істелген жоқ. Жыл баснан бері небары 140 шақырым жолға асфальт төселген. Ақтөбеден жеткізілетін қиыршықтастың мол қорын жасақтауға вагон тапшылығы зардабын тигізді. Шілде айында Ақтаудан әкелінетін битум да тоқтады.
Осы қыркүйек айында 15 мыңға жуық битумға қажеттілік болды. Біздер сәйкесті өз өтінімімізді жолдадық. Алайда біздің облысқа тек қана мың жарым тонна битум беріп тұр. Бұл енді он есеге аз. Сәйкесінше біз тек мың жарым тоннаға тек қана асфальт саламыз. Мына қиынықтар болмағанда, біздер жолымыздың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесін 39-дан 50 пайызға жеткізуіміз керек еді», - дейді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айдар Меңеев.
«Жол құрылыс объектілерінде битум тапшылығы ерекше сезілуде. Осы күнге дейін 52 сынама сұрыпталып алынып, соның ішінде 17-сі физикалық, механикалық ҚР стандарттарына сәйкес келмейді. Қазіргі таңда осы олқылықтарды жою бойынша Қазавтожол, сонымен қатар мына жергілікті атқарушы органдарға арнайы ұйғарым хаттар жолданған болатын», - дейді «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК БҚО филиалының директоры Зауырбек Қыпшақбаев.
Тамыз айынан бері аймақта дизель отыны тапшы. Соның салдарынан Чапаев – Жаңақала – Сайхын, Барбастау – Ақжайық – Индер және Бөрлі – Ақсай – Жымпиты бағытындағы жолдарды жөндеу жұмысы тоқтап тұр. Әр компания күніне 50 тоннаға тарта жану-жанармай тұтынатынын ескерсек, жағдай аса күрделі, – дейді мамандар.
«ҚР азаматына жеке көлігімен келсе, қолына 100 литр тәулігіне, ал енді техникаларға, арнайы техникаларға мекемлереге 300 литр беріледі. Ал енді шетелдік азаматтарға 450 теңгеден беріліп отыр. Дизель отынының келмеу себебі кейбір мұнай өндіруші зауыттары қысқы кезеңге дайындалуда», - дейді облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Миржан Нұртазиев.
Жанармай тапшылығы коммуналдық мекемелер мен жолаушы тасымалдаушы кәсіпорындарға да оңай тимеді. Дизель отынының 450 теңгеге дейін өсуі құрылыс материалдары құнының шарықтауына әкелді.
Дизель отыны бойынша облысқа қажетті көлем айына 20 мың тоннадан асады. Ал жанармай құю бекеттеріне там-тұмдап жеткізіліп жатқан көлем қалыптасқан жағдайды өзгерте алмайды. Қазір аймақта АИ-92 маркалы бензиннің үш, ал дизель отынының бір аптаға ғана жететін қоры қалған.