Алматы облысының тұрғынынан қаңтарда ұрланған қару табылды
Қазіргі кезде сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр
Түркістан полицейлері үйіне заңсыз қару сақтаған күдіктіні анықтады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бәйдібек АПБ-ның кезекші бөліміне жергілікті тұрғынның бірінен қару-жарақ заттарын заңсыз сақтағаны туралы хабарлама келіп түсті. Жедел-іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері Бәйдібек ауданының тұрғынын күдікті ретінде ұстады. Тінту кезінде жедел уәкілдер күдіктінің үйінен заң талаптарына сай келмейтін CZ SCORPION EVO 3 A1 әскери ойық ұңғылы, отты атыс қаруын тәркіледі.
Тәртіп сақшылары күдіктіні оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін Бәйдібек АПБ-ға жеткізді.
Аталған жайт ҚР ҚК-нің 287-бабы (Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) бойынша тіркелді.
"Белгілі болғандай, күдіктінің пистолет-пулеметті Қаңтар оқиғасы кезінде Алматы қаласынан тауып алғаны расталды. Сондай-ақ ол қаруды осы уақытқа дейін үйінің шатырында сақтап жүрген. Қазіргі уақытта күдікті қамауға алынып оған қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр", - делінген хабарламада.