Елімізде қайырымды кәсіпкерлер жағдайы жоқ жандарды қажылыққа апармақ
Тізімді ҚМДБ анықтайды

Қаржысы жоқ жандарда қажылыққа тегін бара алады. Соңғы уақытта қажылық парызын өтеуге баратындар арасында шығынды қарызға бөліп төлеу көбейген. Ал мүлдем жағдайы жоқ мұсылмандар қажылыққа тегін бара алады. Тегін қажылыққа баратын адамдардың тізімін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы анықтайды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Бұдан бөлек жағдайы нашар адамдарға арналған «zhinaq.kz» жобасы іске қосылды. Бұл қосымша арқылы қажылыққа баруға шамасы жетпейтін қазақстандықтар сайт арқылы жеке шотын ашып, бөліп төлеу арқылы қаржы жинай алады.
Діни басқарманың анықтауымен компания қажылыққа қаржысы жетпейтін түрлі санаттағы адамдарға тегін жолдама береді. Кіші қажылықтың сыртында жылына кем дегенде 10 адамды үлкен қажылыққа жібереді. Ал мұндай жандардың тізімін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы дайындайды. Бұл игілікті іс әрі қарай жалғасады. Елімізде жылына 500 мыңға жуық адам қажылық жайында ақпарат алады. Бір жылда соның 10 пайызына қызмет көрсетіледі.
ҚМДБ жаныдағы компания Сауд Арабиясы және Қазақстан әуе компанияларымен бірлесе жұмыс істейді. Кіші қажылыққа Алматы және Шымкент қалаларынан аптасына екі рет тікелей рейс қатынайды.
«Осының нәтижесінде еліміздің қажыларына жол жүру жеңілдеді. Бүгінде компанияның қажылық маусымында шамамен 5 мың адамға қызмет көрсететін қауқары бар. Бұдан бөлек, тікелей рейстер нәтижесінде Сауд Арабиясы туристерінің Қазақстанға келуіне жағдай жасалды. Әсіресе өткен жылдан бері Қазақстан туризміне қызығушылық танытқандар көбейген. Ал биыл жаз айларында 5 мыңнан аса саударабиялық елге келген. Осылайша бұл бастама екі ел арасындағы туризмнің дамуына, инвестиция тартуға айрықша серпін береді. Ата-бабаларымыз қазақ елінің бар екенін танытуға талпынса, біз қазақ елінің мәдениетін танытуды мақсат еттік», - деді дін қайраткері Асхат Тұрғанбаев.
Қажылыққа алып баратын компания ҚМДБ (Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының) сенімді серіктестерінің және туристер қауіпсіздігін қамтамасыз ететін корпоративтік қор туроператорларының тізіміне енген. Ел азаматтарын қауіпсіз қажылыққа апарудың жолын талқылаған жиын барысында үлкен қажылыққа 3 жолдама ойнатылды.