Ұлыбританияның жаңа королі ІІІ Карл есімін иеленді
Шетел жаңалықтарына шолу
Ұлыбританияның жаңа патшасы III Карл деп аталатын болды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі BBC агенттігіне сілтеме жасап.
II Елизавета қайтыс болған соң, оның тақ мұрагері ханзада Чарльз жаңа патша атанды. Сонымен қатар ол бірден әкесінің «Корнуолл герцогы» атағын да иемденді. Чарльз Уильямның әйелі Кэтрин де Корнуолл герцогинясы атағын иеленбек.
Айта кетсек, елді 70 жыл басқарған Ұлыбритания патшайымы II Елизавета 96 жасында қайтыс болды. Патшайымның қазасы туралы бірнеше сағат бұрын Букингем сарайы ресми түрде хабарлады.
БРИТАНИЯ ІІ ЕЛИЗАВЕТА ПАТШАЙЫММЕН 10 КҮН БОЙЫ ҚОШТАСПАҚ
II Елизавета патшайымның қайтыс болғанын білген мыңдаған адам оның резиденцияларына жиналуын тоқтатар емес. Таққа ең ұзақ ұзақ отырған монархты еске алып, қимастық білдіруде. Букингем сарайының қақпасына мыңдаған адам гүл шоқтарын қойып жатыр. Сарайдың қақпасында ІІ Елизаветанің қайтыс болғанын хабарлайтын аза тақтасы ілінді.
Жаңбырлы ауа райына қарамастан, Шотландиядағы Балморал сарайына да гүл шоқтарын қоюға келгендердің қарасы өте көп. Патшайымның ақтық демі дәл осы сарайда үзілген еді. Виндзор сарайы да патшайымның сүйікті үйлерінің бірі болды. Жергілікті тұрғындар II Елизаветаны көршісіндей қабылдады.
Лондонның орталығындағы Пиккадиллидегі үлкен билбордта патшайымның суреті бейнеленген.
Ұлттық аза тұту күні патшайым қайтыс болған күннен он күн өткен соң жарияланады. Бұл күні Вестминстер аббаттығында мемлекеттік жерлеу рәсімі өтеді. Патшайым Виндзор сарайының аумағында, VI Джордж король мемориалдық ғибадатханасында жерленеді. Түске қарай бүкіл ел бойынша бір минут үнсіздік жарияланады.
АҚШ РЕСЕЙГЕ ҰШҚЫШСЫЗ ҰШАҚТАРДЫ ЖЕТКІЗГЕН ИРАНДЫҚ ФИРМАҒА САНКЦИЯ САЛДЫ
Америка ұшқышсыз ұшақтарды Ресейге жеткізуді ұйымдастырған ирандық Safiran компаниясына қарсы санкция салды. АҚШ-тың Қаржы министрлігінің мәлімдемесінше, ағылшын тілінде Safiran Airport Services деп аталатын фирманың Иранның ұшқышсыз ұшақтарын, қосымша жабдықтарды және мамандарды Ресей әскери ұшақтары арқылы Ираннан Ресей жеткізген. АҚШ агенттігінің атап өтуінше, Ресей Аэроғарыш күштері бұл ұшқышсыз ұшақтарды Украинамен соғыста қолдануды көздеп отыр.
«Біз Ислам революциясы Сақшылар корпусының ұшқышсыз ұшақтарды қаруландыру бағдарламасына қатысатын өндірушілер мен сатып алушыларға санкция салудан тартынбаймыз. Иран мен Ресейден өзге құрылымдар да әзірлеуді қолдаудан немесе тасымалдаудан өте сақ болуы керек», - деді министрдің терроризмге қарсы және қаржылық барлау жөніндегі орынбасары Брайан Нельсон.
Кейінірек АҚШ-тың Қаржы министрлігі бір ғана емес, ирандық үш ұшқышсыз ұшақ өндіруші компанияға санкция салғаны белгілі болды. Санкцияға ілінген мемлекет пен фирманың АҚШ-тағы барлық активі бұғатталып, олармен кез келген компания тұрмақ, АҚШ азаматтарының қарым-қатынас жасауына тыйым салынған.