Атырау волонтерлері 65 млн теңге жинап, балаларға ойын алаңын салып берді
Еріктілер мұндай жобаны жалғастыруды көздеп отыр
Атырау волонтерлері ақша жинап, балаларға ойын алаңын салып берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Жаңа алаң қалаға таяу орналасқан Геолог шағынауданында ашылды. Бұл шағынаудан бұрын ауылдық округ еді. Кейін таратылып, Атырау қаласының аумағына енді.
«Біз балалар алаңын ашу үшін 65 млн теңге жинаған едік. Ал Атырау қаласының әкімдігі Геолог шағынауданынан жер телімін бөлуге көмектесті. Енді балалар көлік жолының жиегінде ойнамайды. Бұл жобаны 2 ай ішінде жүзеге асырдық», - дейді еріктілердің бірі Владимир Ким.
Оның айтуынша, балалар алаңын тұрғызатын орын кездейсоқ таңдалмаған. Қаланың әр шағынауданындағы тұрғындар, оның ішінде балалар санына зерттеу жүргізілген. Бұған жергілікті әкімдік өкілдері де қатысқан. Еріктілер дронмен әуеден барлау жасаған. Соның нәтижесінде Геолог шағынауданына балалар алаңы қажеттігі анықталған.
«Бұл – біздің балаларымыз үшін керемет сый. Бұрын балаларымыздың қауіпсіздігіне алаңдаушы едік. Енді олар бос уақытын ойын алаңында өткізетініне қуанып отырмыз. Әсіресе, балаларымыздың қуанышында шек жоқ», - дейді шағынауданның тұрғыны Кәкима Омарова.
Ал еріктілер мұндай жобаны жалғастыруды көздеп отыр.