Атырауда медицина қызметкерлері ит байласа тұрғысыз жағдайда өмір сүріп жатыр
Ақ халаттылар тұратын жатақхана халқы, жылуы да, суы да жоқ баспанада биыл қалай қыстап шығарын білмей отыр
Атырауда медицина қызметкерлері ит байласа тұрғысыз жағдайда өмір сүріп жатыр. Ескі жатақхананы паналған ақ халаттылар барар жеріміз болмаған соң ғана өлместің тіршілігін жасап отырмыз,- дейді. Қала басшылығы өңірдегі апатты 12 жатақхана қатарына енгізіп, жаңасына көшіруге уәде еткен. Ал биыл қала билігі уәдесінен айнып қалған. Бұл туралы Azattyq Ruhy astanatv-ға сілтеме жасап хабарлайды.
102 бөлмесі бар жатақхананы осыдан 32 жыл бұрын медицина қызметкерлеріне берілген. Ас үй де, қол жуатын бөлме де 4 отбасына ортақ. Секциялық үлгіде салынған ғимаратың күйі қашқалы қашан? Ыстық судың тоқтағанына ширек ғасыр болса, салқын суды тұрғындар насоспен алып отыр. Ал газ атымен жоқ, электр жарығы сәт сайын өшеді,- дейді шыдамы шегіне жеткен жұрт.
«Настольный плитка бар, соған тамақ әзірлейміз. Бізде газ жоқ, су 4 пен 5-ке көтерілмейді. Қыс болса отопление жоқ. Светіміз көтермейді өшіп қалады. Плитканы қосамыз өшіп қалады, оны суырып, шәйнек қоссақ тағы өшіп қалады. Қайта қосып жүргенім. Квартал сайын өз жанымыздан ақша төлеп насос жасаймыз», - деді тұрғын Жаңылсын Шаяхымеденова.
«Оның проблемасы сыртында емес, ішінде. Мысалы, бір үйге келсе, қонақ шақырғанда, ол кісі келгенше тамақ та іше алмаймыз, туалетке де бара алмамйыз, жуына да алмаймыз, отырамыз. Ананың қонағы қашан кетеді. Сол кезде ғана шығып, шәй-тамағымызды ішеміз. Қонақпен бірге жағаласуға тағы болмайды», - дейді тұрғын Сұлухия Еременова.
Мұнда тұратындардың барлығы дерлік медициналық мекемелерде қызмет ететін медбикелер мен тазалықшылар. Және сол саладан зейнетке шыққандар. Тәуліктік кезекшіліктен келгенде қоңыз жайлап, көң тартқан көне бөлмеде демалу мүмкін емес,- дейді олар. Осыдан бес жыл бұрын сол кездегі қала басшылығы апатты жатақханалар тізіміне енгізіп, биыл жазда көшіреміз,- деп уәде еткен. Бірақ уәде бергендер қызметінен кетіп, орнына келген басшы "көшіруге жатпайды",- деп қысқа қайырған.
«ХХІ ғасырда ешқандай жақсылық көріп жатқан жоқпыз. Ит байласа да тұратын жер емес мынаған. Ешқандай условия жоқ. Су жоқ, газ жоқ. Жуынатын жер жоқ. Баклажкамен жуынамыз. Сонда қандай жағдай болады. Түсінбеймін мен. Осы жатақханада қандай модернизация болады мысалы біздер келіспейміз. Біздерді көшірсін», - дейді тұрғын Балым Садығұлова.
Қолдарында бірінен-соң бірі ауысқан шенділердің қағаз жүзіндегі жауабы қалған мұндағы жұрт енді не істерін білмей, дал. Жертөлесі суға толып, барлық коммуналдық желісі тоз тартқан жатақхана жаңартуға келмейді десе де, жауаптылар құлақ асар емес. Қала басшысының шешімі деді.
«Қаланың әкімі айтты осы үйге модернизация жасауға ұсыныс беріңдер деп. Заключениені ашып қарадық. «Жөндеуге жатады» ,- деп тұр. Сондықтан тұрғындарға ашық айтып тұрмыз оны. Үйлеріңізге ремонт жасай аласыздар. Енді көшіру мәселесі қазіргі уақытта белгісіз деп», - деді Атырау қалалық ТҮКШ басқармасының сектор меңгерушісі Рафхат Жолдиев.
5 жыл бойы құрғақ уәде беріп, үйдің техникалық қорытындысын енді ғана ашып қараған әкімдіктегілердің әрекеті түсініксіз. Айта кетейік, шаһардағы апатты ғимарат тізімініне іліккен 12 жатақхананың, бүгінде 10-ы сүрілген. Ал тұрғындары жаңа баспанаға көшіріліпті. Ақ халаттылар тұратын бұл жатақхана халқы, жылуы да, суы да жоқ баспанада биыл қалай қыстап шығарын өздері де білмейді.