Елордада дәмханада «ыстық бәліш» деген жасырын сөзбен гашиш сатылып келген
Полицейлер жалпы салмағы 1 килодан асатын есірткі затын тәркіледі
Елордада дәмханалардың бірінде «ыстық бәліш» деген жасырын сөзбен гашиш сатылып келген, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Арнайы жедел-тергеу әрекеттерінің барысында арнайы операция жүргізілді, соның нәтижесінде елорда аумағында аса ірі мөлшерде есірткі құралдарын өткізудің «арнасы» жойылды. Үй тағамдары әзірленетін дәмханалардың бірінде есірткі сатқаны үшін 52 жастағы иесі ұсталды. Ол өз мекемесінде «ыстық бәліштер деген кодпен есірткі затын сатқан. Әйел тұратын ғимарат пен дәмхананы тінту кезінде сатуға дайындалған «гашиш» салынған 56 қағаз орамасы табылды. Сол жерден есірткі сатудан алынған 2,5 млн теңге табылды.
Нұр-Сұлтан қаласы ПД бастығының орынбасары Қуаныш Орынбетовтың айтуынша, тәркіленген есірткінің жалпы салмағы 1 килодан асады.
Күдікті әйел өз кінәсін мойындап, ПД уақытша ұстау изоляторына қамалды. ҚР ҚК 297-бабы 3-бөлігі «Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды аса ірі мөлшерде заңсыз сатып алу, сақтау, тасымалдау не өткізу» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Елорда аумағында есірткі жеткізуге және өткізуге қатысы бар есірткі қылмыстарына қатысқандарды анықтау бойынша тергеу жүргізілуде.