Қақтығыстан 10 адамның қаза тапқаны нақтыланды
Ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калайчиди Қордайда болған қақтығыс салдарынан қаза болғандардың нақты санын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Өкінішке қарай, жаппай тәртіпсіздіктер кезінде 10 адам қайтыс болды. 43 адам ауруханаға жеткізілген болатын. Қазіргі кезде 39 адам ауруханада жатыр», - деді Калайчиди елордада өткен баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ, жарақат алғандардың ішінде құқық қорғау органының 3 қызметкері болған, олардың үшеуіне де оқ тиген.
«Атап өтерлігі, полицейлердің ешқайсысы ешкімге оқ атпаған», – деді Ішкі істер министрінің орынбасары.
Оның айтуынша, 25 үй, 31 коммерциялық нысан мен 41 автокөлік отқа оранған. Сонымен қатар, қақтығысқа қатысқандардан екі аңшылық қаруы, екі тапанша, 54 жанармай құйылған шөлмек тәркіленген.
Сондай-ақ, Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева да 10 адамның қайтыс болғанын растады.
«Оқиға орнында 8 адам қаза болды. Тағы екеуі ауруханада көз жұмды. Қазір жансақтау бөлімінде 8 адам жатыр», – деді Л. Ақтаева.
Еске сала кетсек, 7 ақпан күні Жамбыл облысы Қордай ауданы Масанчи ауылында тұрғындар арасында жаппай төбелес болған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қордайдағы оқиғаның бұзақылық екенін, оны арандатушылар өз пайдасына қолданбақ болғанын айтты.
8 ақпан күні ІІМ министрі Ерлан Тұрғымбаев оқиға салдарынан 8 адам қаза тауып, 40-тан астам адам зардап шеккенін, қазіргі таңда оқиғаға қатысы бар 47 адамның ұсталғанын мәлімдеді. Мемлекет басшысы осы жағдайға байланысты мәлімдеме жасап, жаппай төбелес барысында қайтыс болған азаматтардың отбасыларына көңіл айтты.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қордай ауданындағы оқиға салдарын жою жөніндегі Үкімет комиссиясы құрылды.
9 ақпан күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қайғылы жағдайға жол берген меморган қызметкерлері мен арандатушылардың жауапқа тартылатынын мәлімдеді.