ШұғылСоңғы бір аптада коронавирустан 44 қазақстандық қайтыс болды

Қытайда коронавирустан көз жұмғандар саны 811 адамға жетті

Бір тәулік ішінде 2656 адам вирус жұқтырып, 89 адам қайтыс болған

© REUTERS / CNS Photo / Қорғаныс костюмін киген еріктілер Чанша қаласындағы теміржол бекетін зарарсыздандырып жүр

Қытайда коронавирустың құрбанына айналғандар саны 811 адамға жетті, ал 37,1 мың адам вирус жұқтырған. 2649 адам ауруынан айығып, ауруханадан шығарылды. Бұл туралы ҚХР мемлекеттік денсаулық сақтау комитеті мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy РИА Новости агенттігіне сілтеме жасап.  

Бір күн бұрын аталмыш індетті 34,5 мың адамның жұқтырғаны және 722 адамның көз жұмғаны туралы хабарланған болатын.  

«Мемлекеттік денсаулық сақтау комитеті 8 ақпан күнгі түнгі уақытта 31 провинциядан келген ақпарат бойынша 37 198 адамның коронавирустың жаңа түрінен туындаған пневмонияны жұқтырғанын анықтады. Оның ішінде, қазіргі уақытта 33 738 адам ауруханаға жатқызылған, олардың 6188-і ауыр халде жатыр. 2649 адам ауруханадан шығарылды, ал 811 адам қайтыс болды», – делінген мемкомитет хабарламасында.   

Ал Гонконгта 26 адамның ауру жұқтырғаны анықталды (олардың біреуі қайтыс болды), Макаода 10 адам вирус жұқтырған (олардың біреуі ауруханадан шықты), Тайваньда 17 адам ауру жұқтырған (олардың бірі сауығып кетті). 

Бұдан өзге, 28,9 мың адам коронавирустың жаңа түрін жұқтырды деген күдікпен тіркелген. Қазіргі уақытта ауру жұқтырғандармен тығыз қарым-қатынаста болған тағы 188 мыңнан астам адам бақылауға алынған.    

Соңғы тәулікте 2656 адамның жаңадан ауру жұқтырғаны анықталған. Бір тәулікте ауруханадан 600 адам шығарылды, 89 адам қайтыс болды. Ал бір тәулік ішінде халі тым нашарлап кеткен науқастар саны 87 адамға артқан.