Жаңа оқу жылында мектеп бағдарламасына қандай өзгерістер енді
1-сыныпқа «Еңбекке баулу» және «Бейнелеу өнері» пәндері «Көркем еңбек» пәнінің орнына жүргізілетін болады

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте жаңа оқу жылында мектептің оқу бағдарламаларына енгізілген бірқатар өзгеріс туралы кеңінен айтылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шолпан Каринованың мәліметінше, ведомство елімізде мемлекеттік тілде білім алатын 1-сыныптарға тек қазақ тілін, орыс тілінде білім алатын 1-сыныптарға мемлекеттік тіл мен орыс тілін ғана оқыту туралы шешім қабылдады. Қазақ тілінде білім беретін мектептерде 2-сыныптан бастап орыс тілін оқыту басталады. Ал ағылшын тілі барлық мектепте үшінші сыныптан бастап оқытылады.
«Талдаулар мен сараптамалардың нәтижелері бойынша 1-сынып оқушысына бірден үш тілді үйрену қиын екені анықталды. Бала алдымен ана тілінде оқып, жаза білуі керек. Сондай-ақ балаларды ерте кәсіби бағдарлау мақсатында 1-сыныпқа «Еңбекке баулу» және «Бейнелеу өнері» пәндері «Көркем еңбек» пәнінің орнына жүргізілетін болады», - деп атап өтті Шолпан Каринова.
Оның айтуынша, 1-4 сынып оқушыларына мектептерде шахмат ойнын үйрету ұсынысы жасалды.
«Жаһандық құзыреттілік» факультативтік курсы бойынша оқыту жалғасатын болады. Бұл пән биыл 5-11 сыныптар үшін міндетті курс болып табылады. Курста «Адалдық және этика», «Экологиялық мәдениет», «Азаматтық», «Тіршілік қауіпсіздігінің негіздері», «Медиасауаттылық және қаржылық сауаттылық» модульдері қамтылған», - деді Ш. Каринова.