Қазақстанда ана өлімі 58 пайызға төмендеді – вице-министр
Денсаулық сақтау жүйесінің жұмысында оң динамика байқалып отырғаны айтылды

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте денсаулық сақтау жүйесі жұмысында оң өзгерістер бар екені, оның ішінде ана өлімі 58 пайызға төмендегені айтылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Қазіргі кезеңде денсаулық сақтау жүйесінің жұмысында оң динамика байқалады: жалпы өлім-жітім 11%-ға, ана өлімі – 58%-ға, қан айналымы жүйесі және тыныс алу органдарының ауруларынан болатын өлім – 17%-ға, туберкулез 12%-ға, қатерлі ісіктер – 8%-ға төмендеді», - деді ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Жандос Бүркітбаев.
Медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру мақсатында дәрігерлердің жалақысы 20 пайызға көтерілді. Өткен жылы өңірлерде 3034 жас маман жұмысқа орналастырылды, бұл жалпы түлектердің 96 пайызын құрайды. Ауылда 606 адам жұмыспен қамтылған.
2019 жылдан бері 304 алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету нысаны пайдалануға берілді. Алғашқы медициналық-санитарлық көмекті қаржыландыру денсаулық сақтау саласын қаржыландырудың жалпы көлемінің 54%-ға дейін жеткізілді.
«2022 жылға 80 МСАК нысанының құрылысы жоспарланған, оның ішінде 6 нысан пайдалануға берілді. Биыл жыл соңына дейін ауыл тұрғындары мен балалары үшін жаңа профилактикалық әдістерді енгізіліп, консультациялық-диагностикалық қызметтер кеңейтіледі, телемедицина мен қашықтан медициналық қызметтер, амбулаториялық оңалтуды дамыту жалғастырылады. Облыстық ауруханалар қымбат тұратын медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталған: 21 КТ, 92 рентген аппараты, 1099 акушерлік құрал-жабдық жеткізілді. Шалғайдағы ауылдық елдімекендерде жылжымалы медициналық кешендер мен медициналық пойыздардың әлеуеті кеңінен қолданылады», - деді Жандос Бүркітбаев.