«ҚазМұнайГаз» отандық мұнайды Әзербайжан арқылы экспорттау туралы келіссөз жүргізіп жатыр
Нарыққа жылына 1,5 млн тонна Қазақстан мұнайын немесе тәулігіне 30 мың баррельді шығаруды көзделеді
Қазақстандық мұнайды тасымалдау бойынша Әзербайжан тарапымен талқылау түрлі деңгейлерде жүргізіледі. Бұл туралы «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ (ҚМГ) басқарма төрағасының экономика және қаржы жөніндегі орынбасары Дәурен Қарабаев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Қазақстандық мұнайды тасымалдау мүмкіндігі бойынша Әзербайжан тарапымен талқылау түрлі деңгейлерде, оның ішінде мемлекеттік деңгейде, ұлттық компаниялар деңгейінде жүргізіледі. Мәліметтер әлі де келісуді қажет етеді. Біз Әзербайжан тарапымен уағдаластықтар жөнінде толығырақ хабарлаймыз. Әзербайжанда Баку – Тбилиси – Джейхан және Баку – Супса екі мұнай құбыры бар, олар қазақстандық мұнайды тасымалдау үшін пайдаланылуы мүмкін», - деп мәлімдеді Дәурен Қарабаев баспасөз-брифингінде.
Ол сөзін жалғай отырып, келіссөздер белсенді жүріп жатқанын мәлім етті.
«Бірақ тиісті шарттар әлі толық келісілмеген. Толық ақпарат болған соң қосымша жариялаймыз», – деді ҚМГ басшысының орынбасары.
Айта кетейік, бүгін «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ мен Әзербайжанның SOCAR мемлекеттік мұнай компаниясы арасында Баку – Тбилиси – Джейхан бағыты бойынша қазақстандық мұнайдың басым бөлігін тасымалдау жөнінде келіссөздер жүргізілуде. Қорытынды нәтиже әлемдік нарыққа жылына 1,5 млн тонна Қазақстан мұнайын немесе тәулігіне 30 мың баррельді шығаруды көздейді.
Еске салайық, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бакуге ресми сапарында бірқатар құжаттарға қол қойылған болатын.