$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«AMANAT» партиясының Хатшысы Дәулет Кәрібек азаматтарды қабылдады

Партия Хатшысы көтерілген мәселелердің оң шешілуін бақылауда ұстауға уәде берді

«AMANAT» партиясының Хатшысы Дәулет Кәрібек азаматтарды қабылдады

Бүгін «AMANAT» партиясының Хатшысы Дәулет Кәрібек республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде азаматтарды қабылдады. Сұрақтар офлайн және онлайн форматта  келіп түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мәселен, Далабай ауылының тұрғыны өз жерінің бір бөлігін басқа біреудің заңсыз иемденіп алғаны туралы шағымданды. Ол осы істі қарайтын «Жер аманаты» комиссиясына жазбаша өтініш қалдырды.

«Кирпичный» тұрғын алабының тұрғыны Қарлығаш Мұхамеджанқызы Чехов көшесіндегі су басу қаупі бар ескі үйлердің мәселесін шешуге көмек сұрады. Сондай-ақ, мектеп жұмысын қайта бастау және комбинатты басқа жерге ауыстыруға қатысты мәселелерді де алға тартты.

«Мен «Кирпичный» тұрғын алабының тұрғындарының атынан жүгініп отырмын. Тұрғын үйлердің жанында бетон өндіру комбинаты салынды. Ал ол жақын жерде тұратын халық үшін экологиялық жағынан қолайсыздық туғызады. «AMANAT» партиясы осы мәселелерді шешуге көмектеседі деп сенемін», - деп атап өтті ол.

«Үркер» тұрғын алабының тұрғыны Алла Кужатаева Наурызбай батыр көшесінде бассейні бар спорт кешенін салу бойынша өтініш білдірді. Жақын маңдағы спорт кешені бұл жерден 30 км қашықтықта орналасқандықтан, тұрғындар үшін қолайсыздықтар туғызатынын жеткізді.

Сондай-ақ, ол интернет сапасының нашарлығы, тұрғын үй алабын газдандыру және магистралды көшені қайта жөндеу, мектеп пен дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу мәселесін көтерді.

Қабылдау барысында өтініш берушілердің бірі, тұрғын үй құқығы саласындағы сарапшы «Тұрғын үй қатынастары туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсынысын айтты.

Партия Хатшысы тұрғындармен кездесу қорытындысы бойынша  жауапты мамандарға тапсырмалар мен тиісті ұсыныстар беріп, аталған мәселелердің оң шешілуін бақылауда ұстауға уәде берді.

Еске сала кетейік, «AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмелеріне жыл басынан бері  91 мыңнан астам адам жүгінді. Мемлекеттік органдардың басшылары мен түрлі деңгейдегі депутаттар 18 мыңнан астам қабылдау өткізіп, оның барысында 46 мыңнан астам адам қабылданды.

Серіктес жаңалықтары