Елордада технологияларды коммерцияландырудың практикалық мәселелері жөнінде жиын өтті
Жиында қазақстандық ғалымдардың ғылыми жобаларын нарыққа шығару мәселелері қаралды

Елордада Ғылым және жоғары білім форумы - 2022: «Адам капиталы - Жаңа Қазақстан дамуының негізгі ресурсы» шеңберінде Технологияларды коммерцияландырудың практикалық мәселелері бойынша кеңейтілген жиын өтті, деп хабарлайды Azattyq Ryhy тілшісі.
Жиынға 100-ден астам қатысушылар - ЖОО ректорлары, ғылыми-зерттеу институттарының басшылары мен орынбасарлары, коммерцияландыру кеңселерінің басшылары және ғалымдар қатысты. Шараны Ғылым комитеті төрағасының орынбасары Рамазан Аян ашып берді.
«Біз педагогикалық ұжымның интеллектуалдық әлеуетін жоғары бағалаймыз. Олардың күш-жігерімен ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру, өндіріс пен бизнес-процестерге жоғары технологияларды енгізу арқылы қосымша қаржы тартылуда. Бүгінгі күні семинар аясында біз олардың ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру саласындағы әлеуетін көріп отырмыз», - деді Ғылым комитеті төрағасының орынбасары Рамазан Аян.
«Ғылым қоры» акционерлік қоғамының Инвестициялар және жаңа жобалар департаментінің директоры Құрманғазы Омаровтың атуынша, бүгінде елімізде түрлі тың жобаларымен 151 грант ұтып алған қазақстандық ғалымдар бар. Олардың бәріне мемлекет тарапынан тиісті көмек көрсетіліп жатыр.
«2016 жылы Қазақстан Республикасының ғылыми және ғылыми-техникалық нәтижелерін коммерцияландыру туралы заңның аясында мемлекет тарапынан еліміздің өнертапқыш ғалымдарына бірегей көмек құралы грантын қаржыландыру жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда Қазақстанда 151 грантқа ие болған қазақстандық ғалымдар бар. Ғалымдардың тың жобалары әртүрлі саланы қамтиды. Ең көбі ауылшаруашылық саласы, оның ішінде биотехнология бағытындағы жобалар жүзеге асырылуда. Ақпараттық технологиялардың мүмкіндігін қолдану арқылы ауылшаруашылық өндірісін ілгерілетуге арналған жобалар бар. Одан бөлек біздің ғалымдар мұнай, энергетика, металлургия салаларында экономика бағдары бойынша ерекше жобаларды жүзеге асырып жатыр. Жоғарыда айтқан жоба аясында қазақстандық ғалымдар мемлекет тарапынан 300 млн теңгеге дейін грант алу мүмкіндігіне ие. Биылғы жылы кезекті конкурсты маусым айында жарияладық. Конкурс нәтижесінде жаңадан 60-қа жуық грант алушылар белгіленеді деп жоспарланып отыр. Мемлекеттік қолдау бастамасы есебінде бүгін Ғылым және жоғарғы білім министрлігі бастамасымен «Технологияларды коммерцияландырудың практикалық мәселелері» семинары ұйымдастырылды. Жиында қазақстандық ғалымдардың ғылыми жобаларын нарыққа шығару мәселелері көтерілді және технологияларды коммерцияландыруда өзіндік орны бар мамандар өз тәжірибесімен бөлісті», - дейді Құрманғазы Омаров.
Қазақстандық ғалымдардың бүгінге дейін ойлап тапқан сәтті, жемісті жобаларының бірі – «Нәр» синбиотигі. Отандық ғалымдар тобы ҚР БҒМ Ғылым Қоры грантының арқасында 2016 жылы сүт негізінде «Нәр» синбиотикалық өнімін өндіруді бастады. Бұл сусын асқорыту жүйесін жақсартуға, иммунитетті жоғарылатуға және холестеринді төмендетуге көмектеседі.
«Қазақстандық ғалымдардың жұмысы барысында өзіміздің «Нәр» жобасы жайында бір-екі ауыз айтқым келеді. Аталған жоба біздің, яғни Назарбаев университетінің зертханасынан шықты. Жобаны шығармастан бұрын отандық ғалымдар 10 жылға дейін қазақтың ұлттық сусыны саналатын «қымыз», «айран», «шұбат» құрамындағы пайдалы бактерияларды зерттеді. Кейін сусындардың бактерияларын бір-біріне біріктіре отырып жаңа штамм жасап шығарды. Пайда болған штаммнан синбиотик «Нәр» өнімі шығарылды. Синбиотик дегеніміз – пробиотик те, пребиотик те бар, яғни құрамында пайдалы бактериялармен қоса витаминдер де болады. Сондай-ақ аталған синбиотикте балық коллагені бар. «Нәр» синбиотигі ас қорыту жүйесіне, артық салмағы бар адамдарға, иммунитетті көтеруге көмек береді. 10 жылдық зерттеуден кейін біздің зертхана осындай өнім дайындады. Мен өнім шығарылып жатқан кезде келіп қосылдым. Біз жобамен айналысып жатқан уақытта дәл қазіргідей үлкен деңгейде семинарлар болған жоқ. Көп нәрсені білмедік. Сондықтан ұйымдастырылған шараның отандық ғалымдардың ойлап тапқан жобаларын одан әрі танытып нарыққа шығаруда пайдасы зор болатынына сенемін. Отандық ғалымдардың жасағаны тек зертханада қалып қоймаса екен деймін. Көпшілік олардың жұмысын, еңбегін білуі керек», - дейді «Нәр» синбиотигін жасап шығарушылардың бірі жас ғалым Аяулым Нұрғожин.
Шараға арнайы қатысқан технологияларды коммерцияландыру жөнінде халықаралық сарапшы американдық Кендрик Уайт технологияны коммерцияландыру бойынша үлгілі жобалар туралы айтты. Ол бұған дейін 30 жылға жуық Ресейде жұмыс істеп, түрлі жобалармен айналысқан. Маман Қазақстанға келіп өз тәжірибесімен бөлісіп жатқанына қуанышты екенін жеткізді.
Осы саладағы практикалық тәжірибесімен Назарбаев Университеті мен С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің коммерцияландыру кеңселерінің басшылары Данияр Жұмағұлов пен Айгүл Нұрмұханбетова бөлісті.
Жиында жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттары арасында ғылыми және ғылыми-техникалық қызметті коммерцияландыру саласындағы өзара іс-қимыл және тәжірибе алмасу тетіктері талқыланып, бірлескен іс-шаралар жоспары белгіленді.
Шара соңында барлығына Назарбаев Университетінің технопаркіне, бизнес-инкубаторына және бизнес акселераторына экскурсия ұйымдастырылды.