ЖОО-дағы ақылы бөлімнің қаражатын арнайы бағдарламалар арқылы төлеу мүмкіндігі қарастырылуда
Оқу ақысын төлеуге қатысты ескі бағдарламалар қайта жаңғыртылмақ
Елімізде ЖОО-ның ақылы бөліміне төленетін қаражатты студенттер алдағы уақытта екі бағдарлама бойынша өтеуі мүмкін. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі ұйымдастырған «Қазақстанның ғылымы және жоғары білімі» форсайт-сессиясында белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Журналистердің сұрағына жауап беру кезінде министр студенттердің ақылы оқу мәселесін де тілге тиек етті. Белгілі болғандай, алдағы уақытта оқу ақысын төлеуге қатысты ескі бағдарламалар қайта жаңғыртылмақ.
«Биыл былтырмен салыстырғанда студенттер контингенті 6 пайызға өсті. Қазір 600 мыңнан астам студент болса, алдағы 6-7 жылда бұл көрсеткіш 1 млн-ға дейін жетіп қалады. Демография өсіп жатыр, бұл қуантарлық жағдай. Бірақ сонымен қатар, біз толыққанды бүкіл студенттерді грантпен қамтамасыз ете алмаймыз. Мемлекетте ондай мүмкіндік жоқ. Сол себепті біз кредиттік жүйені қайта қолға аламыз, оны басқа бір модельмен бастаймыз. Біз бұл орайда шетелдік бір тәжірибені зерттеп алдық. Сондай-ақ, кезінде Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі болды. Онда әр отбасы біздің министрліктің қаржы орталығында арнайы шот ашып, сол ақшаны сақтап отырады. Оқу басталғанда сол жинақтаушы жинақталған қордан оқуының ақшасын алып тұрады. Міне, осы екі бағдарламаны жандандырамыз», - деді министр.
Қазіргі таңда Цифрлық даму министрлігімен тығыз байланыстамыз. Бірнеше жаңа факультеттер ашылады. Coursera, Microsoft, EPAM тәрізді үлкен компаниялармен меморандумдар қарастырып жатырмыз.