ШҚО-да танысының атынан онлайн-несие алған адам ұсталды
Ол 100 мың теңге көлемінде шығын келтірген

Полиция департаменті жедел қызметінің қызметкерлері онлайн-несиемен адамдарды алдап жүрген алаяқты анықтап, ұстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап. Биыл қаңтар айында бірнеше тұрғын алаяқтың құрбаны болды. Өскемендіктердің айтуынша, оларға несиелік қарыздарды өтеу туралы смс-хабарламалар келген. Бірақ несие алмаған тұрғындар, қаржылық ауыртпалықтарды өз мойнына алудан бас тартқан.
Тәртіп сақшылары облыс тұрғындарын үш рет алдаған Алматы облысының 23 жастағы тұрғынын анықтады. Ол жалпы сомасы 100 мың теңге көлемінде шығын келтірген.
«Тергеу барысында күдіктінің жәбірленушімен таныс болғаны анықталды. Заңсыз ақша табу мақсатында ер адам сенімге кіргеннен кейін жеке куәлікке қол жеткізген. Сауалнамалық мәліметтер мен өз құрбандарының құжаттарының көшірмелерін шағын қаржы ұйымдарына беріп, онлайн – несие рәсімдеген», – деп мәлімдеді полиция департаменті бастығының орынбасары Талғат Шаяхметов.
Қазіргі таңда алаяқтық фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 190-бабы 2-бөлігі 4-тармағына (Ақпараттық жүйені пайдаланушыны алдау немесе сенімін теріс пайдалану) сәйкес сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.