«Біз пара алмаймыз!». Желіде сыбайлас жемқорлыққа күдікті әкімнің видеосы тарады
Түркістан облысына қарасты ауыл әкімі 2 млн теңге пара алды деген күдікке ілінген

Желіде Түркістан облысындағы Ескі ауылдық округының әкімі Хасан Муслимов пен оның қоластындағы қызметкерлердің сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік туралы айтып жатқан видеосы тарады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Жұмыс кабинетінде түсірілген кадрда ауылдық округ басшысы мен оның қызметкерлері хормен сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұрандар айтып жатыр.
«Мен Ескі ауылдық округының әкімі Хасан Муслимов. Мен пара алмаймын!», - дейді әкім видеода.
Бұл видео желі қолданушыларының көңілін көтеріп, бір серпілтіп тастады. Оның себебі – видеоның бас кейіпкері Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің тергеуіне түсіп үлгерген.
2020 жылдың қаңтар айында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Түркістан облысы Кентау қаласы Ескі ауылдық округының әкімі Хасан Муслимді қамауға алған болатын. Ол екі миллион теңге пара алды деген күдікке ілінген. Ол өзінің кінәсін мойындап, адвокаттың көзінше тергеуді жылдамдатып өткізуге өтініш берген болатын.