Оралда оқушыны жүз мың теңгеге саудалағандарға қылмыстық іс қозғалды
Жәбір көрген баланың анасы бұл қорлықтың екі жыл бұрын басталғанын айтады

Оралда оныншы сынып оқушысын 100 мың теңгеге сатпақ болған. Қала іргесіндегі Круглоозерное орта мектебінің оқушысын саудалағандардың үстінен қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.
Жәбір көрген баланың анасы бұл қорлықтың екі жыл бұрын басталғанын айтады. Содан бері ұлын аяусыз сабап, қорлағандар мұнымен шектелмепті. Енді олар баланы үй жануары ретінде 100 мың теңгеге бағалап, сатуға қойған. Мұны әлеуметтік желіден көрген анасы кімнен көмек сұрарын білмей отыр.
«Шаған полициясына жаздым. Маған бір тиын ақша керек емес. Маған тәртіп керек, бірақ әзірге еш жауап жоқ», - дейді жәбірленушінің анасы Алтын Ахмедиярова.
Оның айтуынша, жергілікті учаскелік полиция қызметкері бұл істі жылы жабуға тырысқан. Оқиғамен білім беру бөлімі де таныс болып шықты. Әзірге адамды малға теңеп мазақ қылған хабарландыруды кім жазғаны белгісіз. Авторын полиция да әлі таба алар емес.
«Тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Шаған полиция бөліміне тіркелді. Фотоны кімнің салғаны жөнінде анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тиісті орындарға тапсырмалар жолданды», - дейді Орал қаласы Шаған полиция бөлімінің бастығы Тимур Айтуғанов.