Атбасарда ит талап, аяғынан айырылған әйел 5 млн теңге өтемақы өндіріп алды

Azattyq Rýhy

Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ

Атбасарда ит талап, аяғынан айырылған әйел 5 млн теңге өтемақы өндіріп алды
Фото ашық дереккөзден

Атбасар аудандық сотының шешімімен ит талап аяғынан айырылған әйелге ит иелері 5 млн теңге моральдық шығынды өтейтін болды. Бұл туралы Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Соттың мәліметінше, Атбасар қаласында жұмысқа бара жатқан жергілікті тұрғынға алабай тұқымды ит шабуыл жасаған.

Салдарынан әйелдің денсаулығына ауыр зиян келгені анықталды.

Атбасар аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері иттің иесіне қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырып, айыппұл салды.

«Зардап шеккен әйел стационарлық ем қабылдады, оны одан әрі емдеу және аяғын протездеу қажет. Емдеу барысында әйел мүгедектер арбасын, дәрі-дәрмек және өзге қажетті заттарды сатып алу үшін көп қаржы жұмсады, сонымен бірге, ол жалпы еңбекке қабілетін жоғалтты, сол жақ аяғын тізесіне дейін ампутациялады», - деді ведомстводан.

Анықталғандай ит иелері Ч. мен Г-нің итке құжаттары жоқ. Алты жастағы азиялық тұқымды ит Ч-ға тиесілі. Алайда, азаматтар Ч. мен Г-ның жауапкершілігі ортақ, өйткені ит олардың бірлесіп өмір сүру кезеңінде сатып алынған, олар оған бірлесіп күтім жасаған.

«Атбасар аудандық сотының шешімімен зардап шеккен әйелдің денсаулығына келген залалды өтеу және моральдық зиянды өндіру туралы ит иелеріне қатысты талап-арызы ішінара қанағаттандырылды. Сот зардап шеккен әйелдің пайдасына 357 914 теңге сомасындағы материалдық залалды, 85 131 теңге мөлшерінде айырылған жалақыны, 5 000 000 теңге мөлшеріндегі моральдық зиянды өтеуді және өкілдің көмегіне ақы төлеу жөніндегі шығынды ит иелері Ч. мен Г-дан бірлесіп өндіріп алды», - деп толықтырды ведомстводан.

Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.