Қазақстандық әуе компаниясы 2025 жылға дейін 24 жаңа ұшақ сатып алмақ
Министр Air Astana басшысына жолаушылар құқығының бұзылмауын қадағалауды тапсырды
Air Astana әуе компаниясы 2025 жылға дейін 24 жаңа ұшақ сатып алады. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Онңы айтуынша, осы жылдың соңына дейін Fly Arystan әуе компаниясы 2 самолетпен, Air Astana 3 ұшақпен толықтырылмақ.
«Air Astana әуекомпаниясының президенті Питер Фостермен кездестім. Кездесу барысында әуе рейстерінің кешігуі мен ауыстырылуы, сонымен бірге билеттер тапшылығына байланысты алаңдаушылығымды білдірдім.
Бұған дейін берген тапсырмам бойынша П. Фостер жыл соңына дейін авиакомпания 5 жаңа ұшақ сатып алатынын айтты. Атап айтқанда, Fly Arystan әуе компаниясының әуе кемелері паркі 2 самолетпен, Air Astana 3 ұшақпен толықтырылады. Жалпы, 2025 жылға дейін 24 жаңа ұшақ, оның ішінде 3 Boeing 787 Dreamliner ұшағы келеді деп болжанып отыр. Авиакомпания басшысы міндеттемелерді орындау үшін тиісті барлық шара қабылданатынын айтып сендірді», - деп жазды ведомство басшысы Telegram-каналында.
Министр әуе компаниясының басшысына жаңа әуе кемелерін жеткізу үрдісін жеделдетуді және рейстердің кешігуі кезінде жолаушылардың құқықтары бұзылмауын қадағалауды тапсырды.