«Халық бізді білсе дейміз». Қазақтелеком жарнамаға неге 300 млн теңге бөлгенін түсіндіруге тырысты

Монополист компания әлеуметтік желідегі жарнамасы үшін 300 млн теңгенің лотын жариялаған

 

«Халық бізді білсе дейміз». Қазақтелеком жарнамаға неге 300 млн теңге бөлгенін түсіндіруге тырысты
Фото: vesti.kz

Қазақстанның түкпір-түкпіріне телеарна мен байланыс тарататын жалғыз монополист компания әлеуметтік желіде жарнама жасау үшін 300 млн теңге қарастырған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Ұлттық компанияның жарнама беру үшін жасап жатқан мемлекеттік сатып алу процесі туралы PROTENGE телеграм арнасы алғаш ақпарат таратты.

Дереккөзге сүйенсек, Қазақтелеком Google платформасында танымал болу үшін 30 млн теңге, ресейлік Яндекс платформасына шығу үшін 20 млн теңге, Facebook пен Instagram желілеріндегі жарнама үшін 30 млн теңге және Tik-Tok желісіндегі жарнамасы үшін тағы 30 млн теңге төлемек. Жалпы, ұлттық компания жарнама беру үшін 179 атау бойынша лот жариялаған.

«Қазақтелекомның» жарнама үшін бөлген қаражатына әлемдік брендтер қызығып қарайтыны анық. «Қазақтелеком» елдегі МОНОПОЛИСТ екенін және басқа бәсекелесі жоқ екенін ескерсек, жарнамаға мұнша қаражат бөлуі түсініксіз жағдай», - деп жазған экономикалық арнаның сарапшылары.

Azattyq Ruhy тілшісі ұлттық компанияның баспасөз қызметіне хабарласып, «Расымен монополист компанияның өзін осыншама жарнамалауға қажеттілік бар ма?» деген сұрақ қойған еді. Баспасөз қызметінің пікіріне қарасақ, ұлттық компания үшін бұл «аса қажет құрал» болып отыр екен.

«Компаниямыздың нарықта үстемдікке ие екені белгілі, алайда белгілі бір сегменттердегі үлесіміз төмендеп барады», - деген мәлімет таратты баспасөз қызметі.

Яғни, компания өкілерінің пікіріне сүйенсек, «компания тұтынушылардан түсетін сұрақтарға 24 сағат бойы жауап беріп, жаңа арналар мен байланыс түрлері туралы ақпараттандыру үшін осындай жарнама құралдары арқылы маркетинг жасап отыр».

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.