Португалия мен Испания 12 күннен бері орман өртімен күресіп жатыр
Испанияда бір жыл ішінде 275 000 гектар жер өртеніп кетті
Португалия билігі Серра-да-Эштрела ұлттық паркінде 12 күн бойы өршіп тұрған өрттің алдын ала алмай жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі Еuronews-ке сілтеме жасап.
Өрт сөндірушілердің жұмысын құрғақшылық пен қатты жел, сондай-ақ табиғатты қорғау аймағына арнайы техниканы уақытында жеткізе алмау қиындатып отыр.
Республика билігі мал жайылымынан айырылған фермерлерге шұғыл түрде қаржылай көмек көрсетілетінін хабарлады. Биыл ел аумағында 80 мың гектардан астам жер өртенген.
«Португалияда орман өрттерінің таралу қаупі әлі де сақталып отыр. Біз ауа температурасы 50 градусқа жететін қатты ыстықты өткердік. Екінші толқын әлі де қиындықтар туғызып жатыр. Ал қазір бірнеше күнге созылатын үшінші толқынның салдарын сезініп жатырмыз», - деді Португалия теңіз және атмосфера институтының президенті Жорже Мигель Альберто ди Миранда.
Португалиядағы өрттен шыққан түтін өрт ошағынан 400 шақырым жерде орналасқан көршілес Испанияның астанасы Мадридке жетті.
Корольдіктегі Валенсия автономды қоғамдастығында 10 мың гектар жер қызыл жалын астында қалды. Қазіргі таңда 15 мыңнан астам жергілікті тұрғын эвакуацияланды.
Испанияда бір жыл ішінде барлығы 275 000 гектар жер өртенген.