СҚО-да жер телімдері заңсыз кепілге қойылған
Компания 42 мың гектар жерді иесінің келісімінсіз кепілдікке қойып, сатып жібермек болған

Солтүстік Қазақстан облысында «Жарқын СК» серіктестігінің құрылтайшылары пайшылардың 42 мың гектар жерін олардың келісімінсіз кепілдікке қойып, сатып жібермек болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі 24.kz-ке сілтеме жасап.
Айыртау ауданының бес бірдей елді-мекенінде тұратын 883 азаматқа тиесілі бұл учаскелер мемлекеттік қаржы институттарының бірінде 500 миллион теңгеден астам қаржыға бағаланған. Мұнымен қоса, аталмыш компанияның өз қызметкерлері алдында 33 миллион теңгеден астам жалақы берешегі бар екендігі анықталды. Бұл ретте іске прокурорлар араласуының нәтижесінде компанияға қатысты екі бірдей қылмыстық іс қозғады. Қазір бұл деректерге байланысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
«Қазіргі уақытта сауда-саттық жүргізу рәсімі тоқтатылды. Серіктестікке қатысты жер учаскелерін заңсыз кепілге салу фактісі бойынша Айыртау ауданы прокуратурасы Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 190-бабы бойынша қылмыстық іс қозғады», - дейді облыстық прокуратура бөлімінің аға прокуроры Асхат Әміров.