Елордалық оқушы есірткі таратты деген күдікпен ұсталды
Жасөспірімге есірткіні таратқаны үшін жалақы криптовалюта түрінде төленген

Көкшетауда есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімшесінің қызметкерлері Нұр-Сұлтан қаласындағы мектептердің бірінде оқитын 17 жастағы оқушыны қолға түсірді. Күдіктіні тінту барысында 17 қалташаға салынған ақ түсті ұнтақ табылған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Полицейлердің айтуынша табылған зат тыйым салынған мефедрон препараты болуы мүмкін.
Жеткіншек есірткіні жасырған орындарды ұялы телефонына суретке түсірген. Мобильді құрылғыны тексеру кезінде анықталған орындардан 118 қалташаға салынған есірткі заты табылды. Тәркіленген препараттың салмағы шамамен 60 грамм.
Полицейлердің айтуынша, оқушы маусым айында курьер ретінде жұмысқа орналасқан. Кейін "Телеграмм" қосымшасы арқылы елорда мен Көкшетау қаласының аумағында есірткі салу жөніндегі нұсқаулықтарды алған. Бұған қоса тәртіп сақшылары ұсталған жасөспірімнің жалақыны криптовалюта түрінде алып жүргенін анықтады.
Аталған фактіге сәйкес қазіргі уақытта ҚР ҚК 296-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу жүргізілуде. Тергеу жалғасуда.