Ресей – Украина соғысы: Еуропадағы ең ірі АЭС-тің жанындағы қақтығыста 13 адам қаза тапты
Соғыстың жалғасып жатқанына 6 айдан асты
Украинаның Днепропетровск облысындағы Запорожье атом электр станциясының жанында орналасқан Марганец қаласына Ресей әскері шабуыл жасап, салдарынан кем дегенде 13 адам қаза тапты. Бұл туралы Днепропетровск облыстық әкімшілігінің басшысы Валентин Резниченко мәлімдеді, деп хабарлады Euronews.
Еуропадағы ең ірі АЭС қазір Ресей Федерациясы армиясының бақылауында. Өткен аптаның соңында оның аумағына бірнеше снаряд құлады. Ресей мен Украина бір-бірін станцияға оқ жаудырды деп айыптады.
Ал, Украинаның СІМ басшысы Дмитрий Кулеба президент Владимир Зеленскийдің Ресей азаматтарына Шенген визаларын беруді тоқтату идеясын қолдады.
«Мен барлық ЕО және G7 елдерін ресейліктерге виза беруді тоқтатуға шақырамын. Президент Зеленский дұрыс айтады, ресейліктер негізінен Украинаға қарсы соғысты қолдайды. Олар құрмет көрсетуді үйренгенге дейін оларды халықаралық шекарадан өту құқығынан айыру керек», - деп жазды Кулеба өзінің Twitter-парақшасында.
Бұдан бөлек, нақты мәліметтер бойынша, Қырымда орналасқан Саки аэродромындағы жарылыстардан зардап шеккендердің саны 14 адамға дейін өсті. Ресей күштеп басып алған аймақтың басшысы Сергей Аксенов 60-тан астам ғимарат бүлінгенін мәлімдеді.
Бұл жарылыстардың ресми себебі әлі айтылмады. Украинаның Қорғаныс министрі болса БАҚ өкілдеріне берген жауабында «жарылыс темекі шегудің салдарынан болуы мүмкін» деп мысқылдады.
«Жауап өте қарапайым және қысқа. Менің ойымша, осы әуе базасындағы Ресей әскери күштері белгілі ережені бұзды: қауіпті жерлерде темекі шегуге болмайды», - деді Украина министрі.
Айта кететін жайт, күні кеше ғана Қырымдағы «Саки» әуе базасында жарылыстар болды. BBC ақпараттық агенттінің сайтында базаның жарылыстан кейінгі спутниктік суреттері пайда болды. Суреттерде оннан аса өртенген әскери ұшақ көрінеді. Әйтсе де, әзірге тараптардың ешқайсысы жарылысты мойынына алған жоқ.
Өз кезегінде, Украина президенті Владимир Зеленский өз әскерінің қаруы қаншалықты күшті әрі ауқымы неғұрлым көп болса, соғұрлым соғыс тезірек аяқталатынын мәлімдеді.
«Соғыста қаза тапқан ресейлік 43 мың әскер ресей президентін ойландырмаса, онда соғысты тоқтату үшін тағы бірнеше мың сарбазы қаза табуы керек шығар...» - деді Украина президенті Владимир Зеленский Ресейдің Днепропетровск облысындағы шабуылдарға жауап ретінде.
Украинаның Одақтас елдерінің әскери бөлімдері мен әскери сарапшылар Ресейдің әскери күшіне әртүрлі баға берді. Алайда, сыртқы бақылаушылардың қолында нақты мәліметтер жоқ екенін ескеру керек. Бұл туралы британдық қарулы күштердің қолбасшысы адмирал Тони Радакин шілде айында Би-би-Сиге берген сұхбатында айтқан еді. Оның мәліметеніше, Ресей соғыста 50 мыңға жуық сарбазын жоғалтқан. Бірақ Радакин бұл тізімнің қатарына тек қаза тапқандардың ғана емес, жараланғандардың, науқастардың және т.б. себеппен әскер қатарынан шығып қалғандары қосып айтқан еді.