Саакашвилидің ауруы асқынып, өлім аузында жатыр – дәрігерлер
Грузияның экс-президенті екі рет аштық жариялаған соң жағдайы нашарлап, түрмеден жеке клиникаға ауыстырылған болатын
Грузияның қамауға алынған экс-президенті Михаил Саакашвили ауыр науқасқа шалдығып, Тбилисидегі «Вивамед» клиникасында ем алып жатыр. Бұл туралы невролог Отар Тоидзе мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Грузия Online порталының жазуынша, Тоидзе бұрынғы президенттің денсаулық жағдайы туралы қорытынды баяндама жасау үшін жақын күндері бір топ дәрігер Саакашвилиге баратынын мәлімдеген.
«Біз Михаил Саакашвилиге шамамен бір айға жуық уақыт бойы бара алмаған едік. Оның қазіргі жағдайын БАҚ-тан және дәрігерлермен болған қысқаша әңгімеден ғана білеміз. Менің Саакашвилиге алғашқы және соңғы сапарымның арасында көп айырмашылық бар. Ол қиналмай сөйлеп, еркін жүріп-тұра алатын еді. Қазір бәрі басқаша. Сондықтан оның денсаулығына шынайы баға беріп, қорытынды жасау үшін жақын күндерді барып қалатын шығармыз. Ол ауырлығы үшінші дәрежедегі, яғни өлім алдындағы жағдайда жатыр», - деді Отар Тоидзе.
Айта кетерлігі, сәрсенбіде Саакашвилиге барған митрополит Николоз көпшілікке саясаткердің 11 келіге арықтағанын, енді оның емі қалай жалғасатыны саяси шешімге байланысты екенін жеткізді.
Грузияның үшінші президенті екі рет аштық жариялаған соң жағдайы нашарлап, түрмеден Тбилисидегі «Вивамед» клиникасына ауыстырылған болатын. Елдің пенитенциарлық қызметі экс-президенттің жағдайы тұрақты және оның дәрігерлердің бақылауында екенін хабарлады.
Еске салсақ, Михаил Саакашвили билігін асыра пайдаланғаны үшін екі қылмыстық іс бойынша алты және үш жылға бас бостандығынан айырылған еді. Тбилиси қалалық сотында тағы үш айып бойынша сот тыңдалымы жалғасып жатыр. Бұрынғы президент жалпы жиынтығы 11 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.