Әйел мен оның екі баласының өлімі бойынша қылмыстық іс қозғалды – Алматы прокуратурасы
Қылмыстық істі тергеуді қала прокуратурасы ерекше бақылауға алды
Алматы прокуратурасы «Спутник» тұрғын үй кешеніндегі пәтерлердің бірінен табылған 34 жастағы әйел мен оның 2015 және 2020 жылы туған балаларының мәйітінде зорлық-зомбылық ізі болғанын мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Ведомство мәліметінше, қазіргі кезде қалалық полиция департаменті кісі өлтіру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастап кеткен, оның аясында жедел-іздестіру шараларының толық кешені жүргізіліп жатыр.
«Тиісті сараптамалық зерттеулер тағайындалды, бейнематериалдар зерделеніп, куәгерлерден жауап алынуда. Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге деректері жарияланбайды. Қылмыстық істі тергеуді қала прокуратурасы ерекше бақылауға алды», - деп хабарлады Алматы қаласы прокуратурасының баспасөз қызметі.
Еске салсақ, 6 тамызда Алматыда Мамыр шағынауданындағы пәтерлердің бірінен 34 жастағы әйел мен оның 2015 және 2020 жылы туған балаларының мәйіті табылған болатын.