$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Елордалық әйел алаяқтың құрбаны болғанын дәлелдей алмай жүр

Әйелдің атынан 1 млн 750 мың теңге болатын екі кредит рәсімделген

Елордалық әйел алаяқтың құрбаны болғанын дәлелдей алмай жүр
Фото ашық дереккөзден

Елордалық әйел алаяқтың құрбаны болғанын дәлелдей алмай жүр. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы сотының баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

2021 жылдың аяғында елорда тұрғынына өзін Хоум Кредит банктің қауіпсіздік қызметі қызметкерімен деп таныстырған ер адам қоңырау шалып, оның атына кредит рәсімделгенін және оны жою үшін банктің мобильді қосымшасын жүктеп, оның айтқан нұсқауларын орындауы керек екенін айтқан. Сол күні әйел өз атына жалпы сомасы 1 750 000 теңге болатын екі кредит рәсімделгенін білген.

Осы оқиғадан кейін әйел полицияға жүгініп, сотқа арыз береді.

"Нұр-Сұлтан қаласы Сарыарқа аудандық сотының 2022 жылғы 26 сәуірдегі шешімі бойынша осы кредиттік шарттар жарамсыз деп танылған. Апелляциялық саты іс материалдары мен апелляциялық шағым дәлелдерін зерделеп, аудандық сот шешімінің күшін жойды. Талап қоюшының еркінен тыс оның атына кредит берілгені туралы дәлелдер сотта сенімді дәлелдермен расталмады", - делінген сот хабарламасында.

Сот мәліметінше, даулы шарттарға талап қоюшының электронды цифрлық қолтаңбасы қойылған.

"Алқа іс бойынша жаңа шешім шығарды. Әйелдің банкке кредиттік шарттарды жарамсыз деп тану туралы талабын қанағаттандырудан бас тартылды. Бұдан басқа, үшінші тұлғалардың алдау әрекеті заңды күшіне енген айыптау үкімі не қылмыстық қудалау органының қылмыстық істі ақталмайтын негіздер бойынша қысқарту туралы қаулысы бойынша дәлелденуі тиіс екенін білген абзал", - делінген хабарламада.

Серіктес жаңалықтары