Павлодарда музейде болған жанжалға қатысты сот шешімі шықты
Сот отырысында құқық бұзушы жәбірленушіден кешірім сұрап, тараптар татуласқан
Әкімшілік құқық бұзушылық бойынша мамандандырылған сотта екі тұрғынның арасындағы жанжалға қатысты іс қаралды, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.
Облыстық сот баспасөз қызметінің мәліметінше, жанжал тарихи-өлкетану мұражайында орын алған. Баспасөз қызметінде іс фигуранттары музейге келушілер ме, жоқ әлде қызметкерлер ме екені жайлы ақпарат ұсынбады.
Ер адамға әйел адамның денсаулығына жеңіл дәрежеде зиян келтірді деген айып тағылды.
«Ол 6 шілдеде шамамен түнгі сағат бірде Астана көшесі, 149 мекенжайында болған жанжал барысында Б-ға қасақана дене жарақатын салып, денсаулығына зиян келтірген», - деп хабарлады баспасөз қызметінде.
Сот отырысында құқық бұзушы жәбірленушіден кешірім сұрап, тараптар татуласқан. Сондықтан істі тоқтатуды сұраған. Әйел адам оның сөзін растап, әкімшілік өндірісті тоқтатуға келіскен.
Тараптардың татуласуына байланысты ӘҚБтК-нің 64-бабы негізінде сот ӘҚБтК-нің 73-1-бабының бірінші бөлігі бойынша қала тұрғынына қатысты іс жүргізуді тоқтатты.