Алматы облысында бір жылдан бері азаматтық ала алмай жүрген қандастар шу шығарды
Олар Ішкі істер министріне хат жазды
Алматы облысында бір жылдан бері Қазақстан азаматтығына қол жеткізе алмай жүрген қандастар шу шығарды. Өзбекстан мен Қытайдан қоныс аударған қазақтар Жамбыл аудандық көші-қон қызметкерлерінің жұмысына наразы. Атажұрттың азаматы атану арманға айналды деген ағайын полицияға ауызбастырық бермесең сан түрлі сылтау айтып күнде ертеңмен сандалтады деп отыр. Полицияның бұған қатысты өз уәжі бар, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК арнасына сілтеме жасап.
Салтанат Телешбаеваны мемлекеттік емханалар тіркеуге алмайды. Басы ауырып, балтыры сыздаса келіншек үйінде емделуге мәжбүр. Үш баласын да жекеменшік балабақша мен мектепке берген. Себебі Өзбекстаннан қоныс аударған әйел азаматтық ала алмай жүр.
«Жекеменшікке барамыз. Басқа жер бізді қабылдамайды. Емделудің өзі қиын. Босандым. Оны да жекеменшікке бардық. 300 мың теңге кетті. Үкіметтің перзентханасына бару үшін құжатымыз жоқ. База істемей жатыр деп бір жыл жүрді. Сосын келдік. Бір жетіден кейін келіңдер. Бір жетіден кейін келеміз. Ертең келіңдер дейді. Сол айтатын әңгімелері», - дейді Салтанат Телешбаева.
Жамбыл ауданында Салтанат сынды екі ортада сабылған 30-ға жуық қандас бар. Барлығы осы полиция бөлімшесіне күнде келеді. Бірақ оларды «жүйе істен шықты, қызметкер жетіспейді» деген сан түрлі сылтаумен шығарып салады екен.
Атажұртқа ағылған ағайын үшін Қазақстан азаматтығын алу нағыз азапқа айналған. Бума-бума құжат арқалаған қандастар дәл осы аудандық көші-қон полициясының табалдырығын бір жылдан бері тоздырып келеді. Бірақ көк түсті құжатқа әлі күнге дейін қол жеткізе алмаған. Сергелдеңге түскен ағайын көші-қон қызметкерлері ақша дәметеді деп ашық айтып отыр.
Қандастардан құжат қабылдайтын жерде күнде айғай-шу. Өйткені, қызметкер жетіспейді. Оған қоса, жүйе де жиі істен шығатынын көші-қон қызметінің өкілдері жасырмайды.
«Азаматтық алу екі айға созылу керек. Бірақ базаға байланысты созылып кеткен. Ыхтияр хат пен азаматтыққа жауапты қызметкер өзінің өтініші бойынша жұмыстан шеттетілді. Жақын арада орнына адам келеді. Оны басшы құрамы жақын арада шешеді деп ойлаймын», - дейді Жамбыл аудандық көші-қон қызметінің аға инспекторы Бақберген Тәттібаев.
Жамбыл ауданында ыхтияр хат, қандас мәртебесі мен азаматтық алу машақатын жіпке тізген ағайын Ішкі Істер министріне хат жазды. Олар Марат Ахметжановтан аудандағы көші-қон қызметінің жұмысын реттеп беруді сұрайды.