Қайрат Құдайбергеннің қамаудағы мерзімі тағы ұзарды
Ол 22 сәуірде уақытша ұстау изоляторына қамалған болатын
Алматы қалалық мәслихатының бұрынғы депутаты Қайрат Құдайбергенді қамауда ұстау мерзімі төрт айға дейін ұзартылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі ҚазТАГ агенттігіне сілтеме жасап.
«Алматы қалалық тергеу сотының 21 шілдедегі шешімімен күдіктіні қамауда ұстау мерзімін ұзартуға санкция беру туралы өтінішхат қанағаттандырылды. Өтінішхат ішінара, яғни төрт айға дейін қанағаттандырылды. Ұзартылған мерзімі – 21 тамыз», - деп хабарлады Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі.
Еске салайық, бұған дейін Алматы прокуратурасында Алматы мәслихатының экс-депутаты Қайрат Құдайбергенге қатысты істің мән-жайы жарияланған болатын. Белгілі болғандай, қаңтар оқиғасы кезінде Қайрат Құдайберген Алматыда 24 адамды ұрлап кеткені үшін (кейін олардың бірі қайтыс болды) айыпталған Арман Жұмагелдиевтің жанында жүрген. Қазір үстінен іс қозғалған «Дикий Арман» қамауда жатыр. Ал Қайрат Құдайбергеннің өзі жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды және оған қатысты деген күдікпен 22 сәуірде уақытша ұстау изоляторына қамалған болатын. 20 шілдеде Қ. Құдайберген Алматы қалалық мәслихатындағы депутаттық мандатынан айырылып, «Amanat» партиясынан шығарылды.