Қаңтар оқиғасынан соң істі болған 11 полицей тағылған айыппен келіспейді
Олардың айтуынша, жаппай тәртіпсіздіктерден кейін абақтыға қамалғандардың көбі ауыр жарақатпен келген
Алматыда Қаңтар оқиғасынан кейін істі болған 11 полицей тағылған айыппен келіспей, наразылық білдірді. Уақытша ұстау изоляторының қызметкерлері ұсталған адамды азаптап өлтірді деп күдікке ілінген. Қайғылы оқиға күні кезекшілікте болған күзетшілер қазір арнайы прокурорларға жауап беруде. Алайда кінәсін ешқайсы мойындап отырған жоқ, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Олардың айтуынша, жаппай тәртіпсіздіктерден кейін абақтыға қамалғандардың көбі ауыр жарақатпен келген. «Міндетіміз тек күзет болды» деген олар, қамаудағыларды азаптауға қатыспағанын дәлелдегісі келеді.
Алматыдағы уақытша ұстау изоляторының қызметкерлері Медеу аудандық прокуратурасына күнде келеді. Себебі, мұнда қаңтар оқиғасынан кейін ұсталып, түрмедегі азаптаудан өлген адамға қатысты тергеу жүргізіліп жатыр.
«9 қаңтарда қабылданған адам 11-і денсаулығына шағым айтқан соң кезекші жоғары көтеріп, жедел-жәрдем шақырады. Бірақ жедел-жәрдем келгенше жүріп кетіп отыр. Сол адамның өлімін «сендер азаптап ұрып өлтірдіңдер» деп бізден көріп отыр. Ал біз тергеу әрекетіне қатыспаймыз. Біз тергеуші емеспіз. Жедел уәкіл емеспіз. Біздің міндет адамдарды қабылдау және күзетуге жатады», - дейді Арнат Мейраділов.
Оған қоса, жаппай тәртіпсіздіктер кезінде қамалғандардың дені ауыр жарақатпен келді дейді наразы топ. Ал куәгерлер қинағандардың нақты атын атап, түсін түстей алмауы тіптен көңілдеріне күдік ұялатқан.
«Бірақ бізді ешкім тыңдап жатқан жоқ. Қаңтар оқиғасында қамалған куәгерлер бізді «танымаймыз, көрмедік» деп отыр», - дейді Аян Елубеков .
Таяқ жегендердің қызметкерлерді танымаймыз деуіне негіз де жоқ емес. Өйткені тәртіп сақшыларының бәрі бетпердемен жүрген. Оны тергеу ісімен айналысып жатқан прокурорлар да талай рет айтқан.
Жалпы, қаңтардағы бейберекетсіздіктен кейін уақытша ұстау және тергеу изоляторына қамалған 6 адам қинау мен ұрып-соғуға шыдай алмай көз жұмған. Бұл Бас прокуратураның мәліметі. Ал тергеу барысында күдіктілерге күш қолданған құқық қорғау және арнайы органдардың 9 қызметкері қазір қамауда отыр. Осыған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі азаптау фактілері бойынша 170 іс тергеліп жатқанын, оның 23-і прокуратураға жолданғанын айтқан болатын.