Түркістан облысында қойшы 230 бас асыл тұқымды қойды иесіне айтпай сатып жіберген
Келтірілген шығын 16 миллион теңгеден асады
Түркістан облысында қойшы иесіне білдірмей бір жыл ішінде 230 бас асыл тұқымды қойды біртіндеп сатып жіберген, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Ордабасы аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Ер адамның айтуынша, ол өзі басқарып отырған жайылымдық жердегі қойшыға асыл тұқымды малдарын сеніп тапсырған. Алайда, мал басын түгелдеуге барғанда, олардың толық емес екендігін байқаған. Осылайша жәбірленушіге келген шығын көлемі 16 380 000 теңге», - деп көрсетті Түркістан облыстық Полиция департаменті.
Полицейлер күдікті ретінде жәбірленушінің қой бағып жүрген жұмысшысын ұстаған.
Анықталғандай, ер адам 2021 жылдан бері 230-дан астам ұсақ малды 4-5-ден сатып, ақшасын жаратып жіберген. Қазіргі таңда күдікті қамауға алынып, оған қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.