Шоу-бизнес өкілдерінің ЛГБТ-ны насихаттайтын «Базз Лайтер» мульфильміне қатысты пікірі екіге бөлінді
Олардың айтуынша, анимациялық фильмде ЛГБТ ашық түрде насихатталады
Күні кеше ғана Диснейдің «Базз Лайтер» анимациялық фильмі отандық кинотеатрлардан көрсетілмейтіндігі мәлім болды. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Алайда қоғамның бір тарапы мультфильмде азғындықтың еш белгілері жоқ десе, өзгелері ЛГБТ насихатына барынша тосқауыл керек дегенді алға тартуда. Ал шоу-бизнес өкілдерінің кейбірі мұндай сүйінші хабарға шағымдарын білдіріп үлгерді.
Айта кетейік, бұған дейін белгілі актер Нұртас Адамбай өзінің Instagram парақшасында аталған мультфильді отандық кинотеатрлардан көрсетпеу туралы билікке үндеу жасады. Оның мұндай бастамасына өзге де қоғам белсенділері қосылды. Олардың айтуынша, анимациялық фильмде ЛГБТ ашық түрде насихатталады.
Алайда белгілі продююсер Баян Алагөзова өзінің Instagram парақшасында аталған мульфильмнің көрсетіліміне шектеу қойылғанына қарсы екенін білдірді.
«Бұл мульфильмді көретінімді, не көрмейтінімді неліктен сіздер шешесіздер? Мен зайырлы елде тұрамын, дәстүрлі емес жыныстық көзқарастың өкілдерімен араласамын. Шоу-бизнес және сән индустриясы саласында ондай жандар жеткілікті. Мен ешкімді жақтамаймын, қарсы да емеспін. Біз адам табиғатын өзгерте алмаймыз, мұндай адамдар осы планетада өмір сүретіндердің төрт пайызын құрайды, олар әрқашан болған және болады», - деп жазды продюсер.
Сондай-ақ, Баян өз жазбасында Нұртас Адамбайды да сынға алып, ЛГБТ көрінісі актердің түсірген кинотуындысында да бар екенін атап өтті.
«Нұртас, өз көзқарасыңды насихаттауды доғар, сен өте танымал, білімді және талантты адамсың. Түсінгенім бойынша, енді біздің не көретінімізді, не көрмейтінімізді сен шешетін болғансың ба?! Ендеше айта кетейін, алдағы уақытта америкалық және еуропалық өндірістің барлық фильмдерінде дәстүрлі емес жыныстық көзқарастың мазмұны болады, сондай-ақ «КЕЛИНКА САБИНА» да оны қамтиды, ендеше мен оны да көруге тыйым салуды ұсынамын!» – деп жазды Баян Алагөзова.