Ұзаққа созылған жол жөндеу жұмыстары Президенттің сынынан кейін биыл аяқталмақ
Министрлік құрылысы ұзаққа созылған әр күре жол бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Алмаз Ыдырысовтың бірінші жұмыс сапары Абай өңірінде өтті. Вице-министр республикалық маңызы бар Қалбатау – Майқапшағай және Талдықорған –Қалбатау – Өскемен жолдарындағы құрылыс жұмыстарының барысын тексерді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, аталған трассаның жалпы ұзындығы 768 шақырымды құрайды, 16 учаскеден тұрады. Мал айдайтын және су өткізетін құбырларды орнату жұмыстары 81%-ға, ал көпірлерді орнату бойынша жұмыстар 63%-ға аяқталды. Бас мердігер — қытайлық CITIC Construction компаниясы. Жол үш өңір арқылы өтеді: Шығыс Қазақстан, Абай және Жетісу облыстары.
Негізгі мақсат — жыл соңына дейін құрылысы ұзаққа созылған барлық жолдардың басым бөлігінде асфальтбетон жабынын қамтамасыз ету. Сонымен қатар, айналма жолдардың санын қысқартуға ерекше назар бөлініп отыр.
«Құрылысы ұзаққа созылған әр күре жол бойынша жұмыстар жүргізудеміз. Нәтижесінде бірқатар тас жолда жұмыстар қайта жанданды. Мәселен, олардың қатарында Қарағанды – Балқаш, Қалбатау – Майқапшағай, Атырау – Астрахань, Қазталовка – Жәнібек – РФ шекарасы, Өнеге – Бейсен – Сайхин тасжолдары бар», - деп атап өтті ҚазАвтоЖол басшысы Мейірхат Қасымбаев.
Жалпы еліміз бойынша республикалық маңызы бар жолдардың 95 учаскесі құрылыс жұмыстарымен қамтылған. Жолдарды салу кезінде инертті материалдарды тасымалдау, битуммен қамтамасыз ету, климаттық жағдайлар, персоналдың қажетті арнайы құралдармен жабдықталуы сияқты факторлар аса маңызды. Аталған факторларға қатысты мәселе туындаған кезде уәкілетті органдармен бірлесе жұмыс жүргізіледі.
Ескке салсақ, Қасым-Жомарт Тоқаев 14 шілдеде өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында жол инфрақұрылымы саласындағы мәселелерге егжей-тегжейлі тоқталған болатын.
«Бір апта бұрын біз еліміздің көлік-транзиттік әлеуетін дамыту мақсатында арнайы жиын өткіздік. Биыл 11 мың шақырымнан астам жол жөнделеді. Ол үшін 600 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Жөндеу жұмыстарын кешіктірмеңіздер. Жобалардың орындалу барысын қатаң бақылау қажет. Жасыратыны жоқ, елімізде жолдың жағдайы нашар, жол құрылысында жемқорлық белең алған. Басқа жерді айтпағанда, Ақордаға апаратын жолдың өзі жамау көрпеге ұқсайды», - деді Елбасы.