Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында ауырғандардың 80%-ы вакцина алмаған – министр
І компонентпен 10,7 млн адам вакцина алды

Екпе алуға тиісті ересек тұрғындардың 80%-дан астамы немесе еліміздің барлық халқының 56%-дан астамы КВИ-ға қарсы вакцинация алды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен жиында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мәлімдеді.
Оның айтуынша, І компонентпен 10,7 млн адам, ІІ компонентпен 10,4 млн адам егілді. Тәулігіне 5 мыңнан астам адам вакцина алды.
«Инфекцияның ауыр түрлерінің және ауруханаға жатқызудың алдын алудың шарасы – бұл КВИ-ге қарсы вакцинация. Вакцинация және ревакцинация инфекциядан қорғаудың жалғыз жолы. Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларының үлгісінде біз ауырған адамдардың 80%-ы егілмеген адамдар немесе 6 ай бұрын егілген адамдар екенін байқадық, бұл тағы да КВИ-ға қарсы вакцинацияның қажет екенін растайды. Қазіргі уақытта Қазақстанда халықты вакцинациялау үшін вакцинаның 3 түрі (QazVac, Sinofarm, Pfizer) қолжетімді, қайта вакцинациялау және ревакцинациялау үшін – QazVac және Sinofarm вакцинасы бар. Егу пунктерінде вакцинаның 1,6 миллион доза қалдығы бар», – дейді министр.
Оның сөзінше, мамыр айының соңынан бастап елде қайта ревакцинациялау енгізілді, қазіргі уақытта оның көрсеткіші – 44% (260 мың адам) қамтиды.
«Өкінішке қарай, екпе алған адамдарда, сондай-ақ КВИ-мен ауырып сауыққан адамдарда уақыт өте келе организмнің инфекциядан қорғау деңгейі төмендейді, нәтижесінде адам қайтадан инфекцияға сезімтал болады. Осыған байланысты, вакцинацияның бастапқы курсын алғаннан кейін 6 айдан соң КВИ-ға қарсы ревакцинация алу ұсынылады», – дейді А. Ғиният.