Үкімет 2023 жылы ауыл шаруашылығына бөлінген бірқатар субсидияны қысқартады
Агроөнеркәсіп кешенін дамытуға республикалық бюджеттен 2 есе артық қаржы бөлінді
Көктемгі егіс жұмыстарын уақытылы өткізу үшін Үкімет бірқатар шара қолданған. Бұл туралы бүгін министрлер кабинетінің кеңейтілген отырысында Премьер-министр Әлихан Смайлов мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Агроөнеркәсіп кешенін дамытуға республикалық бюджеттен 2 есе артық қаржы бөлінді, форвардтық сатып алуға 80 млрд теңге берілді. Нарықтық бағадан 15%-ға төмен бағамен 400 мың тонна жанар-жағармай жеңілдікпен бөлінді. Тұқымдармен қамтамасыз ету мәселесі шешілді және жемдік астық қорын қалыптастыру үшін қосымша қаражат бөлінді», – деді Смайлов.
Ал ауыл шаруашылығына бөлініп жатқан осындай мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттыру үшін Үкімет 2023 жылдан бастап субсидияны қысқартпақ.
«Субсидиялау бағыттары қысқартылып, 2023 жылдан бастап олардың тиімсіз түрлері жойылады. Жемқорлық деңгейін төмендету үшін 1 шілдеден бастап ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін субсидиялаудың жаңа ақпараттық жүйесі іске қосылды», – деді Премьер-министр.