Алматыда аулада қару асынып жүрген ер адам бас бостандығынан айырылуы мүмкін
37 жастағы тұрғын бірнеше рет аспанға оқ атқан
Алматыдағы «Алатау сити» тұрғын үй кешенінде қолына қару алып, елдің үрейін ұшырған күдікті 3-7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бұл туралы Алатау ауданының прокуроры Ізбасар Масақбаев айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Құзырлы орган өкілдігінің мәліметінше, қазіргі уақытта іске қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. 10 шілде күні кешкі сағат 10.00-де «Алатау сити» тұрғын үй кешенінің 37 жастағы тұрғыны «Вепрь» маркалы атыс қаруын алып бірнеше рет оқ атқан. Абырой болғанда ешкім зардап шеккен жоқ. Полиция департаменті оның бұл әрекетін отбасындағы жанжалмен байланыстырып отыр. Алыс сапардан келген жүк көлігінің жүргізушісі әйелімен сөзге келіп қалған.
«Мамандандырылған ауданаралық сотының шешімімен 2 ай мерзімге күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы сакцияланды. Аталған азаматтың іс-әрекетін ақтауға келмейді. Себебі ол ықшамауданда 2 мыңнан астам азамат тұрады. Қару ұстауға, сақтауға оның рұқсат қағазы бар. Бірақ орынсыз қару қолдану, көпшіліктің үрейін алу тергеу кезінде сарапталады», – деді Алатау ауданының прокуроры Ізбасар Масақбаев.