Павлодарда жолды күтіп ұстамаған жауаптылар жазаланды
Жыл басынан бері полиция қызметкерлері жолдарда 782 тексеру жүргізді

Жыл басынан бері тәртіп сақшылары жолды күтіп ұстау бойынша 800-ге жуық тексеріс өткізді. Нәтижесінде 100-ден астам жауапты тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Департамент мәлімдеуінше, жол төсемінің нашар болуы жиі жол-көлік оқиғаларының орын алуына себеп болады. Жол қозғалысының қауіпсіздігі, өңірдегі жолдарда жарақаттану деңгейін төмендету мақсатында департамент мамандары тұрақты негізде жалпы қолданыстағы жолдарға, оның ішінде республикалық және жергілікті маңызы бар жолдарға тексеру жүргізеді.
Жыл басынан бері полиция қызметкерлері жолдарда 782 тексеру жүргізді. Анықталған ақаулар бойынша жол ұстаушылардың атына кемшіліктерді жоюға ұйғарымдар жіберілді. Тексеру нәтижелері бойынша жолдарды күтіп ұстауға жауапты 125 адам түрлі әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Айта кету керек, ағымдағы жылдың 6 айында Павлодар қаласындағы жолдарды тексеру нәтижелері бойынша 40 лауазымды және заңды тұлға жауапкершілікке тартылды.